$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы Заң 16 маусымнан бастап күшіне енеді

13.06.2024ж. 20:00
393
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы Заң 16 маусымнан бастап күшіне енеді

Тұрмыстық зорлық зомбылыққа қарсы Заң 16 маусымнан бастап күшіне енеді. Енді отбасында ойран салатындарға қатысты жаза күшейеді. Бұдан былай жанұядағы ұрып-соғу жағдайлары қылмыстық кодекспен қаралады. Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін екі заңға 15-ші сәуірде қол қойған. Құжатта тағы қандай нормалар бар? Азаматтар нені ескеруі керек? Келесі материалда. 

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Енгізілген нормалар мен түзетулер әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатады. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген адамға 200 АЕК айыппұл немесе 50 күнге қамау жазасы тағайындалады. Ал кәмелетке толмаған балаға аса қатыгездікпен қол көтерсе, бас бостандығы екі жылға дейін шектеледі. Педофилияға өмір бойына соттау жазасы белгіленсе, адамды өзін өлтіруге немесе оған итермелеуге бес жылдан тоғыз жылға дейін түрмеге қамау көзделген.

Айман ОМАРОВА, ЗАҢГЕР:

Кішкентай балаларды зорлау деген, педофилия деген ұлғайып кетті. Жасөспірімдерді егер де зорлайтын болса немесе сол зорлық-зомбылық сияқты сипаттау әрекеттері болса, өмір бақи түрмеде отыратын болады. Альтернатива жоқ. Бұрын альтернатива болған.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Кәмелетке толмағандарды жәбірлегендерге, яғни, буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізіліп отыр. Бұған дейін елімізде буллингке қатысты статистика да жүргізілмеген. Енді жауаптылар осыны қолға алмақ. Бұдан былай білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті.

Нұрия НИЯЗОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Әр бала жанұясында өзін барынша жайлы сезінуі керек. Олардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Осы жылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты кешенді шаралар жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. Бұл заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қорытындылайды.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Бүгінде елімізде 70-ке жуық отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Ендігі мақсат – 2026 жылға дейін олардың санын 231-ге жеткізу.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бізде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу баптары криминализацияға жатты. Бұл да қоғамның сұранысы болды. Өйткені 2017 жылдан бастап осы екі бап әкімшілік құқық бұзушылық кодексқа енгізіліп, сол арқылы реттелген болатын. Бірақ осы 6 жыл ішінде отбасылық зорлық - зомбылық аясында ана мен баланың соққыға жығылуы, жалпы өлімі 3 есеге дейін көбейді. Бұл өте қиын статистика. Сондықтан осы мәселені шешу қажет болды.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Сарапшылар бірауыздан енгізілген өзгертулер еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың азаюына септігін тигізеді деп отыр. Заң қабылданғанға дейін түзетулерді жұртшылық кеңінен талқылады. Оны дайындауға мамандар, сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдерінен құралған үлкен топ жұмыс істеді. Көптің пікірі ескеріліп, Президент қол қойған Заң 16-шы маусым өз күшіне енеді.