$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Журналдардағы баға мен бастағы білім. Үй тапсырмасының мағынасы бар ма?

AstanaTV
18.02.2017ж. 20:00
5446
Журналдардағы баға мен бастағы білім. Үй тапсырмасының мағынасы бар ма?

Үй тапсырмасы. Негізі бұл тақырыпты біз бұған дейін де бірнеше рет көтергенбіз. 

Мамандар «шамадан тыс жүктеме жүйке жүйесінің  шаршауына алып келеді. Бала неврозға шалдығуы мүмкін. Болмайтын нәрселерге мазасызданып, өмірге деген құлшынысы азая түседі», - деген. Рас ғой, бастауыш сыныптарда жақсы оқитын балалар көп болады, уақыт өте «орташалар» армиясы шығады. Құлшынысты бәсеңдететін - шамадан тыс жүктеме мен шығармашылықтан ада тым күрделі тапсырмалар. Бала тез шаршайды, тез жалығады. 

Жангелді Сүлейманов, адвокат: ///18.10.2014 ж. 

Дамыған елдерге қарап бой түзегеніміз дұрыс емес пе?  АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания. Оларда негізінен 6 емес, 5 күн оқиды. Американың кейбір штаттарында тіпті 4 күн. Үй тапсырмалары біздегі форматтан мүлдем басқа. Тіпті біздегідей тапсырма берілмейді:олар қызықты шығармашылық тапсырмалар жүктейді. Ата-ана да, бала да ырза. Бізде ше? Мысалы, геометрия, алгебра пәндері бойынша сыныпта қандай есептер шығарса, сондай есептер үйге де беріледі. Балаларды аяйсың. 

Сарапшы Досым Сәтпаевтың шетелдік аналитиктердің пікіріне сүйеніп, «қазақстандық мектеп оқушыларының деңгейі әлемдік стандарттардан кәдімгідей қалып қойған, оқушылардың білім жетістіктерін бағалайтын халықаралық бағдарлама мәліметтері бойынша біздің оқушылардың білімі ортадан төмен» –деп сабақтаған мақаласын бергенбіз.

-Кез-келген билік ырза емес қоғам мүшелерінің ашу-ызасын білдіргенде «Молотов коктейлін» лақтыратын емес, стол басына отырып, байыпты сөйлесе алатын білімді адамдар болуына өздері мүдделілік танытуы керек ғой,-деп түйген. 

Міне, үйіп – төгіп беретін үй тапсырмаларының кульминациясы жоқ. Үдемелі индустрия «ағашының» гүлдемейтіні – бізде «интеллектуалдық жылтырақ». Қалып «білімді болу емес, болып көріну». 

-Өзің оқи аласың ба?-Жоқ. Мен түсінбей жатырмын. Қай жерін түсінбей жатсың? –Мынаны...

Үй тапсырмасының әлегі осы. Диастың  оқу үлгерімі қанша жақсы болса да, үйде күн сайын анасымен бірге сабақ оқиды. Өйткені кітабында екінші сыныптың оқушысы түсінбейтін терминдер мен сұрақтар көп. Әсіресе, математика пәнінің шартты есептерін түсіну қиын,- дейді Диастың анасы.

Ләззат Ақмағамбетова, Қостанай қаласының тұрғыны:

Қазіргі бағдарлама өте күрделі. Қиынға соғады. Балалар әртүрлі. Ойлау қабілеттері де әртүрлі. Түсінетін балалар бар, түсінбейтін балалар бар. Ең алдымен қиын пәндерден бастаймыз. Кейде өзіміз де қиналып, екеуіміз бірлесіп, кейде отбасымызбен шығарамыз.

Еліміздің мектептеріндегі оқудың күрделілігін педагогтар да мойындайды. Бар мәселе - бағдарламаның тұрақсыздығында дейді,- олар.Жыл сайын өзгеріске ұшырап келетін оқу жоспарын ата-аналар тұрмақ, ұстаздардың өздері әрең қабылдайды.

Қымбат Сұлтанова, Қостанай қаласының тұрғыны, бастауыш сынып мұғалімі:

Мысалы, былтыр, алдыңғы жылы оқыған пәніңіздегі тапсырмаңыз кейде келмей қалады. 4-сыныпта оқитын тапсырмаларды, кейде 2-ші сыныптарға ауыстырып жатады. Сондай жағдайлар әрине, кедергі болады.

Оқушылар күрделенген тапсырмалардан шаршаса, ата-аналар көзді ашып-жұмғанша өзгеріп кете беретін оқу бағдарламасына ілесе алмай әлек.

Оралдық Айнаш Саматқызының қызының үй тапсырмаларын орындаудан қажығаны сонша, есептерді интернеттегі бағдарлама арқылы шығарып отыр. Мұны анасына 5-інші сыныптағы қызы Жаннаның өзі үйретіп қойыпты. 

Айнаш Саматқызы, Орал қаласының тұрғыны:

Математикадан мысалға «ФОТОМАТЧ »деген программа шыққан. Суретке түсіріп алса, берген тақырыпты телефон автоматты түрде өзі шығарады. Міне сөйтіп көшіріп отырмыз. Менің миым жетпейді, ата-ана болып. Ол үшін бірге сабаққа баруым керек күнде. Күнде таңертең сабаққа барсаң, жұмысың қалады.

Жақсы баға үшін ғана шығарылған есепті Жанна бәрібір түсінбеді.Тапсырма орындалды. Бірақ басқа қонған білім жоқ.

Осы есебіңді түсіндің бе,енді?- Жоқ, мен фотоматчпен шығардым.

Ардагер ұстаз, білім саласының үздігі Дариға Мұштанова бұл көріністі барлық тараптардың өздерін-өздері алдауы деп бағалайды.

Дариға Мұштанова, ардагер ұстаз:

Әлі келмейтін тапсырмаларды берген ол-өзін-өзі алдау. Себебі, бала өз бетінше істей алмайтын болған соң, ол үлкендерді шақырады. Басқа мұғалім, апасы, ағасы шығарып береді. Ол өтірік оқыту, көз бояушылық болады да шығады.

«Менің атым –Қожа»  фильмінен үзінді.

Қазір баланы тануға тырысатын педагог жоқ. Мәселені оқыту жүйесіне сілтеп, жауапкершілікті ата –анаға артып қойған, үйретуден қашады -дейді Дариға Мұштанова. Ондай мұғалімдерге берер кеңесі де бар екен.

Дариға Мұштанова, ардагер ұстаз:

Ақылға сыйымсыз тапсырмаларды көргенде, Жиренше шешеннің «сұраған сен ақымақ па?Сұратқан хат ақымақ па?» деген сөзі есіме түседі.Осыны беріп тұрған мұғалім ақылды ма, өзі қалай деп. Мысалы,тақырыпты береді де, мына тақырыпта шығарма жазып кел дейді. Бала үйде шығарма жазып келу дегенге түбегейлі келіспеймін. Мынадай тақырыпта жазуға дайындалып кел деп тапсырады, есі дұрыс мұғалім. Дайындалып келіп, ол мұғалімнің алдында жазып беруге тиіс.

Дегенмен ата-аналар мектептердегі білім беру жүйесіндегі проблемаларға ұстаздарды кінәлаудан аулақ. Бағдарламаларды пысықтамаған жоғарғы билік өкілдері,- дейді.

Айнаш Саматқызы, Орал қаласының тұрғыны:

45 минут болады сабақ. 21 оқушы болса, оның бәрінен сұрап үлгермейді мұғалім. Бұл жерде мұғалімнің кінәсі емес. Мұғалімдердің бүкіл балаға уақыты жетпейді. Сосын мұғалімнің мысалы, қазір қағаздары көп. ГОРОНО-дан шықпайды қазір мұғалімдер.

Қазір қалыпты жайтқа айналған «репетитор жалдауға» қарсы мұғалімдер де бар екен. Себебі сол әдісті бизнеске айналдырған мұғалім, мектеп аз емес. Ал ісіне адалдар репетиторлық баланы біреуге сеніп, «мектептегі оқуға ынтасыз»,-  етеді дейді.  

Ләззат Темірханова, Қарағанды қаласының №93 мектеп-гимназиясының директоры:

Егер де мысалы, сыныпта басқа бірдеңемен айналысып отырса, ынтасын қоймай онда қиын болады.Содан кейін басталады репетитор деген. Ол дұрыс емес. Қазірден бастап баланы мектепке жіберерде ата-ана айту керек: Мұқият тыңда, дұрыс қара деп, білмегенін мұғалімнен сұрап алу керек.

Қымбат Сұлтанова,  Қостанай қаласы, бастауыш сынып мұғалімі:

Сол репетиторға сенеді де, балаға көңіл бөлінбейді. Әрі қарай дамуына көңіл бөлінбей қалады.

Үй тапсырмасын ата-аналардың орындайтыны, одан оқушылардың білім деңгейінің көтерілмейтіні жуықта Білім және ғылым министрлігінде талқыланды. Министр Ерлан Сағадиев біріншіден, үй тапсырмасын қысқартуды, екіншіден, электронды күнделік енгізу қажеттігін айтты. Халықаралық әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, біздің оқушылар әлемдегі 65 елдің ішінде сабақ басты төрттіктің құрамына кірген. АҚШ, Ресей, Сингапурдан кейін тұр. 

Айжан Әбдірахманова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Бала баға қуам деп, қаншама берілген тапсырманы жаттап алады. Оны 4-5 сағат орындайды. Ол жалпы баланың есінде қалды ма,жоқ па дегенге кім кепілдік береді? Осы жағын ойлау керек сияқты.

Алена Нұрбаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Қазақстанда таңертеңнен кешке дейін оқитын мектептер бар. Осындай мектептерді көбейту керек. Балалар сондай мектептерде оқып және үй тапсырмасын сол жерде мұғаліммен бірге орындайды. Ата-аналарға да көп жеңілдік.

Қарағандылық педагогтар Ерлан Сағадиев айтқан электронды күнделікті оқу бағдарламасына осыдан үш жыл бұрын енгізіп қойған. «ЕДУМАРК» қосымшасы қазір облыстың 100 мектебінде кеңінен қолданылады. 

Бақыт Омарова, Қарағанды қаласының №93 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары:

Ләйлә, міне өте жақсы жауап берді. Жарайсың Ләйлә. Өте жақсы деп бағалап, міне электронды журналға қойып жатырмын. Енді бұл бағаны Ләйләнің ата-анасы қай жерде жүрсе де телефон арқылы көре алады.

Электронды күнделікті ата-аналар ұялы телефондарына тегін жүктейді. Онда сабақ кестесі, күнтізбе, факультативті сабақтар бөлімі бар. Сабақтың тақырыбы, бақылау болатын күн де белгіленген. Яғни, баланың оқу үлгерімін толық қадағалауға мүмкіндік береді.

Гүлнәр Сейтенова, Қарағанды қаласының тұрғыны: 

Бүгін менің қызым Мәдина мысалы, мынадан көрініп тұр, 8-інші «А» сыныбында оқиды, жаңа ғана үшінші сабақ - алгебрадан 4 алды. Хабарлама ретінде маған түсті. Осыдан кейін біздің балаларымыздың оқу үлгерімі жоғарылағанын байқадық.

Өкінішке қарай, қарағандылықтар ойлап тапқан электронды күнделік пен электронды журнал қосымшалары республика көлеміне таратылмаған. Себебі министрлік тарапынан қаржылық қолдау таппаған. Үй тапсырмасын азайту жоспары да қашан іске асатыны белгісіз. 

Айжан Қуаш, Мақсұт Сарабаев «Біздің уақыт».