$517.45 €598.59 ₽6.58
×

Атырау облысында былтыр өндірісте 12 адам опат болған...

AstanaTV
18.02.2017ж. 20:00
2128
Атырау облысында былтыр өндірісте 12 адам опат болған...

Осы аптада Атырау облысының Исатай ауданындағы «Мыңтеке» кен орнында мұнай ұңғысына күрделі жөндеу жүргізіп жатқан «Атырау Гидро Геология»  компаниясының  бұрғылау қондырғысының 61 жастағы машинисі мерт болды. 12 жылдық тәжірибесі бар маман. Оның өліміне қатысты сараптама тағайындалып, тексеріс басталған. 

Игілік Әубәкіров, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы: 

Біз бүгін бұйрық шығарып, өзімнің маманымды жіберіп жатырмын сонда. Басқарманың маманын, өз тарапы бойынша тексеріс жүргізеді. Біз процентін шығарамыз. Кімнің қандай жауапкершілігі болды, қандай жағдаймен болғанын. Енді адам қайтыс болған жағдайы қалай болды. Содан кейін жұмыс берушінің тарапынан қандай істер жасалды. Қауіпсіздік жағдайды болдырмау үшін. Соның бәрін тексереміз.  

Статистикаға сүйенер болсақ, мұнайлы өңірде өндірісте болған оқыс оқиғалар 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейген. Ал өндірістегі кісі өлімі 6 есеге артқан. Мәселен, 2015 жылы 23 жазатайым оқиғадан 25 адам зардап шегіп,  екі адам мерт болса, 2016 жылы 49 оқыс оқиға барысында 12 кісі опат болған. Өндірістегі мұндай жағдайларға  талдау жүргізген прокурорлар басты себебі өндірісті дұрыс ұйымдастырмаудан деп отыр. Факілердің 48 пайызында содан. Жартысының жартысында ғана - 25 пайызында зардап шегушінің абайсыздығынан,- дейді. Дегенмен қара басының қамын ғана ойлайтын жұмыс беруші жазатайым оқиғаларды жасырып қалуға тырысады. Қол астындағы қызметкердің денсаулығы мен болашағына алаңдамайтындар жетеді. 

Есболат Еділбаев, Атырау облыстық прокурорының  көмекшісі:

Кейбір жағдайларда  жауапсыз жұмыс берушілер жауаптылықтан қашып, жасырып жататын жағдайлар болады, өндірістік жағдайларда. Бұл жағдайда жұмысшылар өздері тікелей уәкілетті органдармен хабарласып, арызбен жүгінуге болады. Өткен жылы осындай өндірістік жағдайларды хабарламаудың үш фактісі анықталды.