$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Бала асырап алу мәселесі

AstanaTV
05.03.2016ж. 20:00
5398
 Бала асырап алу мәселесі

АҚШ азаматтары асырап алған қазақстандық балалардың кісі қолынан опат болулары сөз жоқ, трагедия. Қанішерді қарғап-сілеп жатыр, жұрт. Мұнан соң бала асырап алуға байланысты пікірталас туды. Менің субъективті пікірім – «жетімін жылатпаған ел едік» деген күңіренуді қою керек. «Жетімдерді жылатып отырмыз» деп қатты кетпей-ақ қоялық, жетімдері көп елміз. Егер бала асырап аламын деушілер жетім балалардың санынан әлдеқайда аз болса, шетелдік азаматтардың бала асырап алуына неге қарсы болуымыз керек? Оның үстіне мүгедек балаларды бізде ешкім алмайды да. Ал балаға отбасында өскеннен асқан қандай бақыт  бар?! Мейірім мен жаншуағын айтпағанда, тауық еті мен вермишельдің қуырмашы болса да, үйдікі болса, одан дәмді тамақ жоқ ғой...

Және бір деталь - бала асырап алуда бюрократияның және коррупция элементтерінің бар екені өтірік емес. Ал балалар үйінен шыққан жастардың басым көбінің үйсіз, жұмыссыз тентіреп жүретіндері, ақырында деградацияға ұшырап, өмірін өксікпен аяқтайтындарын бәріміз білеміз... Құралай Пионер жалғастырады.

Бұл - АҚШ-тың Белфэйра қалашығында 26-шы ақпанда орын алған қанды оқиға.51 жастағы Дэвид Кэмпбелл есімді азамат әйелін, өгей екі ұлы мен бір қызын атып өлтіріп, кейін өзіне де қол салған. Анықталғандай, ажал кұшқан 3 жеткіншектің екеуі қазақ баласы екен. 18 жастағы Тимур Көктиев, америкалық есімі - Тори Карлсон және 16 жастағы Дамир Әбдірахманов - Куинн Карлсон. Екеуі де Көкшетауда туып, Щучинск қаласындағы жетім балалар үйіне өткен. Сол жерден 2002 жылы Лана Карлсон асырап алып, Америкаға әкеткен.

Светлана Мұқарамова, Щучинск балалар үйі Бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

Тимурдың көзінде астигматизм болатын. Ол бала күнінен, 6-7 жасынан көзілдірік тақты. Бірақ даму жағынан барлығы дұрыс болатын. Ал Дамир невропатологта тіркеуде тұрды. Психологиялық және тілінің дамуында кешеуілдеген үрдістер болды. Бірақ мүгедек емес еді. Өкінішті, қалай болғанда да, олар біздің балалар еді. 

Өкінішті  әрине, бірақ кеткен балаларды содан бері іздеген ешкім болған жоқ. «Оған АҚШ заңы мүмкіндік бермеді» дейді жауаптылар. Негізі, мұхит асыра берілген қазақ балаларына қатысты бұған дейін де шу шыққан. Мәселен, 2011 жылы ерлі-зайыпты Джозеф және Линда Мэйоттар өгей ұл мен қызды 5 жыл зорлап келгендігі анықталса, Техаста бір отбасы Қазақстаннан алған баланы 4 жыл гаражда, аяғына шынжыр байлап ұстап келіпті. Тіпті америкалықтардың арасында асырап алған балаларын ұнамаса бір-біріне интернет арқылы сатқандары да тіркелген. Міне, осы себепті, 2012 жылы АҚШ-қа бала беру ісі уақытша тоқтатылған еді.

Зәбира Оразалиева, Білім және ғылым министрлігі, Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы:

Жалпы АҚШ-ты айтатын болсақ, 6609 бала асырап алынған болатын. Бұл 1999 жылдан 2012 жылға дейінгі асырап алынған балалардың саны. Оның ішінде 687-не есептер түспеген болатын. Қазір СІМ бірлесіп жұмыс жасағанның арқасында 437 баланың есебі келіп түсті, енді 236 баланың есебін талап етіп, жұмыс істеп  жатырмыз.

АҚШ отбасына берілген сол балалардың бірнешеуімен біз де жолықтық. Соның бірі - 9 жастағы Астана қаласының тумасы Наина.Әрине қазір есімі өзге – Райли. Ерлі-зайыпты Теннондар оны 7 айлығында бауырына басқан. Бала өте зерек. Өнерге, кітапқа қызығады. 2 жасында ата-анасы оны Қазақстанға алып келген. Қазір туған жері туралы біраз мағлұматқа ие.

Райли Теннон, (АҚШ):

Қазақстан менің туған жерім. Астанада президент жұмыс істейтін үлкен ғимарат бар. «Бәйтеректі» білем. Анам мен жақсы көретін тамақ – палау мен бауырсақты көп жасайды.

Мадина мен Алексей де Қазақстанда туған балалар. 10 жыл бұрын Семейдегі балалар үйінен Гейнстер отбасына келген. Әрине, олардың да қазір есімдері америкалық - Эмили мен Алекс. Эмилидің екі жылдан бері Қазақстанның ішкі әлеуметін зерттеп жүрген жайы бар.

Эмили Гейнс (АҚШ):

Мен Қазақстанның мәдениетін білгім келеді. Әрине, Алекс екеумізге ата-анамыз асырап алған жерді көру қызық. Қазақ қуыршақтарының коллекциясын жинаймын. Ұлттық киім қатты ұнайды. Бәлкім, Қазақстанға барармын. Сол кезде қазақ көйлегін міндетті түрде киемін.

Алекс Гейнс, (АҚШ):

Қазақстан туралы ештеңе есімде қалмапты. Әрине, барып көргім келеді.

Ал бұл – әдемі қара қыз – Эли, қазақша аты – Аяулым. Жасы 15-те, Ақтөбе өңірінің тумасы. 2001 жыл 6 айлығында анасы бауырына басып, Америкаға әкелген. Тіпті дәл осы баланы алу үшін миссис Гериг президенке дейін хат жазған екен.

Доун Гериг, Элидің анасы (АҚШ):

Бастапқыда Қытайдан бала асырап алмақ болған едік. Бірақ агенттік хабарласып, Қазақстанды ұсынды. Элидің суретін көрсетті. Мен оны бірден ұнаттым. 2011 жылы егіз мұнарада терракт болған кезде, Элидің құжаттары түгел жанып кетті. Содан сенаторға, президент Бушқа дейін көмек сұрап, қызымды үйге әрең әкелдік қой. 

Қыздары оқуын бітірсе, отбасы Қазақстанға қыдырып келуге ниетті. Себебі оның қайдан тамыр алатынын ата-анасы жасырмақ емес. Әрі таяуда Аяулымның туған анасы да табылыпты.

Эли Гериг (АҚШ):

Мені асырап алған кезде, 6 айлық болыппын. Сондықтан Қазақстан туы таңбаланған мына алқаны тағып алдым. Еліме, әрине барамын! Ақтөбе облысына.

Балалар құқықтарын қорғау қомитетінің есебіне жүгінсек, бүгінде АҚШ-ты қоса есептегенде 20 мыңға жуық қара көзіміз өзге елдегі отбасыларнда тәрбие алып жатыр екен.

Евгений Тен, Бала асырап алу жөніндегі агенттік өкілі:

Агенттік тарапынан берген балаларды біз барынша қадағалап отырамыз. Америкада бас кеңсеміз бар. 2003 пен 2010-шы жыл аралығында АҚШ-қа біз 25-ке жуық баланы жібердік. Өтініш көп түседі, көбіне – Америка, Германия, Франция және Испаниядан келіп жатады.

Ал еліміздегі тағы 10 мыңға жуық бала жетімдер үйінде тұрады. Бала асырап алушылар өз арамызда да бар. Бірақ бізде құжат машақаты тым көп. Әрі...

Аружан Саин, қоғам белсендісі:

Біздікілер негізінен сау бала алуды қалайды. Себебі ауру баланы асыраушыларға қажетті деңгейде жағдай жасалмаған. Ал шетелде бәрі басқаша. Ең бастысы - қолдау бар, мемлекеттен көмек бар. Бірақ бізде бала асырап алудың жақсы екі жолы бар. Қамқорлыққа алу және патронаттық деген.Олар да біршама жетімдер үйінде жәутеңдеп жүрген балғындарға мейірім көруге мүмкіндік береді.

Иә, бұл екі жолмен бала алушылар шынында да соңғы уақытта өз арамызда көбейген. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сүйенсек, соңғы 10 жылда 28 мың 973 бала қазақ отбасына барыпты. Содай қуанышқа бөленген 4 балғын 38 жастағы Аида Ибраеваның үйде жүр. Келіншек енді 4 ұл мен 2 қыздың анасы. 

Аида Ибраева, Астана қаласының тұрғыны:

Менің екі ұлым бар. Әмірхан және Әділхан есімді. 9 және 8 жаста. Міне, осы ұлдарым өзге балаларымды алуға себепші болды. Сөйтіп, Настя, Ваня, тағы бір Настя және кішкентай Сашаны қолыма алдым. Екеуін патронаттық отбасы ретінде, ал екеуі қамқорлық жасау жолы арқылы. Құжат жағынан аса қиындық болған жоқ. Күзден бері балалар үйренісіп те қалды. Жалғыз асыраймын.

Ең бастысы отбасын тапқандарына, аналы болғандарына балалар қуанышты секілді.

Настя, 15 жаста:

В доме свободы большее. Уделяет внимание. Ну, лучшее живется. Маму я люблю. Всех люблю!

Неке және отбасы» кодексінің 91-ші бабына сәйкес, тұрмысы тұрақты, психикалық жай-күйін орнықты, белгілі бір табысы бар кез келген Қазақстан азаматы бала асырап, оны бауырына басуға құқылы. Әрине, қағаз бастылық та бар енді. Оған сәл шыдамдылық керек шығар. Себебі сіз ең бастысы баланы бақытты етесіз. Балалық шағын қуанышпен, мейіріммен, отбасымен  өткізуге, әрбір балғын да құқылы. Біз осыған үндейміз!

Құралай Пионер, Ғалия Идеятова, Ришат Асқарбекұлы, Марина Иневатова және Еркебұлан Кенжеғұлов,"Біздің уақыт".