Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Атыраудағы «айдын көлдер»...

AstanaTV
05.03.2016ж. 20:00
2977
 Атыраудағы «айдын көлдер»...

Ал Атырау қаласында өткен жылдың мамырында  тәулік бойы жауған жаңбыр жеке сектордағы жүздеген үйді шайқалтып кеткен. Содан бері есін жинай алмай отырғандар бар. Себебі биыл  қар  қалың түсіп, бірден еріп кетті. Іле-шала  жаңбыр жауып, онсыз да ілекерге  іліге алмай жүрген бұқараны шаршатып жіберді. Төтенше жағдайлар департаментіне ақпан айының алғашқы күндерінен бері екі жүзге тарта тұрғын қоңырау шалып, көмек сұраған. Көмек шамалы. Ал ешкім дренажбен айналыспағасын, суға батқан үйлердің қайыққа ұқсап тұра беретіні даусыз. Атыраудағы меншікті тілшіміз Базаргүл Ізімованың арнайы репортажы. 

Атыраудағы біраз көшелер  мен мөлтекаудандар үшін мұндай айдынды сулар таңсық емес.Уақытында күрелмеген қар еріп, аулалар, қала берді үйлер суға толды. Алайда бұл мәселемен халықтың өздері ғана күресуге тура келеді. Билік үйіп-төгіп уәде бергенімен қол ұшын созбай отыр,- дейді тұрғындар.

Бұл - иесіз баспана емес. Базарбаевтар отбасының ас ішіп, тынығып, теледидар қарайтын жалғыз бөлмесі. Резеңке етік үй ішіндегі аяқ киімге айналғалы қашан? Өткен жылы мамырдағы топан судан енді ес жия бергенде, ақпан айында тағы қар еріп, үйін көлкітіп жіберіпті. Отанасы Биғайша Базарбаеваның айтуынша,  ақ жағалылардың  есігін тоздырып жүріп, 80 мың теңге көмекке зорға қол жеткізген. Ол да үйді жамап-жасқаудан аспапты.

Биғайша Базарбаева, Атырау қаласының тұрғыны: 

16 жылға маған қаражат бөлінсе, маған көмектесіңіз деп Ожаевқа осылай жаздым. Үй салып беруге. Қазір мен шынымды айтсам үй салатын жағдайым жоқ. Жолдасым болса ауырады, балам екеуі де тіркеуде отыр.

Мейрамгүлдің де қолынан табағы түспейді. Су еден бетіне шығып кетпесін деп далаға су төгумен өтеді ұзақ күні. Алайда аула да, көше де су, ісі өнер емес.

Мейрамгүл Қазығалиева, Атырау қаласының тұрғыны: 

Міне үйіміздің астындағы суымыз. Осылай қалқып жатыр. Күніне бәлен табақ су шығарамыз. Ол судың бітетін түрі де жоқ. Шарбақтың бәрі қалқып жатыр. Шарбақтың бәрі қалқып жатыр. Шарбақтан келеді ол судың бәрі. Айналамыз толған су иісі сасып үйге де кіріп жатыр. Бала да ауырып ауруханадан шықты ларингит ауруы болып салқын тиген деп. Өзіміз де ауырып отырмыз. Акиматқа бәріне бардық, ешқандай көмек жоқ. Ешкім көмек берген жоқ. Шығарып салды.

Атқамінерлердің айтатыны -  біреу. -Әркім өз үйін өзі жөндесін,- дейді. Бас-басына баспана тарататын жағдайымыз жоқ,- деп кесіп тастаған.

Амантай Айтпаев,  Атырау қаласы әкімінің орынбасары:

Қазіргі таңда үйлері суға кетіп жатқан тұрғындардың  арыз- шағымдар көбейіп кетті. Біз қыста қарды толықтай тазаладық. Жаңбыр суын да уақытында сорғыздық. Біз қаржылай көмек бері алмаймыз. Өткен жылдың мамыр айында аймақта төтенше жағдай жарияланғандықтан ақшалай көмек берілді. Биылғы жағдайда  заңда өтемақы қарастырылмаған.Әр адам өз үйін өзі жөндеу керек. Біз тұрғындарды  суды соратын ваакумдармен тегін қамтамасыз ете аламыз. 

Алайда тұрғындар су сорғызуға да зар болып отыр. Былтырғы жаңбырдан құлап қалған үйіне жалғастырып сарай салып паналған  Бекешевтар «қанша қоңырау шалғанымызбен, су соратын ваакумдарды жібермей отыр» ,- дейді.

Сұлу Бекешова, Атырау қаласының тұрғыны: 

Кеше мен ЖКХ-ға бардым  11 кабинетке.  Маманы айтады: Нұсқау келді  қала әкімінен . Болды. Құлайын деп тұрған үйлерді сормаңдар, көшені сорыңдар деді. Нағыз болмаса көшеге төге беріңдер деді.  Қайда төгеміз біздер. Ол жерде бақалар бар, көгеріп жатыр су. Қайдан су келіп жатыр,  мен білмемін ал.

Судың қайдан келіп жатқанын Едіге Сабуров жақсы біледі. Ардагер-гидрогеологтың айтуынша, мәселенің түйіні - қалада арық жүйесі дұрыс салынбаған.

Едіге Сабуров, «Атыраугидрогеология» ЖШС директорының кеңесшісі:

Бұл жерде тек бір амал- жаңбырдың жауған суларды шығартын жүйелер керек. Арықтар. Бізде арықтар салды. Бірақ арықтағы суларды шығару жүйелері ойластырылмаған.  Екінші – сіңген суды жер астынан оны да дер кезінде шығарып тұру керек. Бұл жұмыстар үнемі тоқтаусыз жүріп тұруды қажет етеді.

Түйінді тарқатудың басты жолы – вертикалды дренаж пайдалану,- дейді Едіге Сабуров.  Оның ұсынысы қолдау тауып,  қалалық әкімдікпен бірлесіп тәжірибе жұмыстарын бастапты.

Едіге Сабуров, «Атыраугидрогеология» ЖШС директорының кеңесшісі:

Атырау қаласының су деңгейін түсіруге тек қана вертикалды дренажды пайдалану керек деп тоқтамға келіп отырмыз. Вертикалды дренаж дегеніміз – ұңғылар қазылады, солардың бәрін құбырлармен байланыстырады да жалғыз насоспен сорып алып, сыртқа беріледі, қаланың сыртына шығарылады.

Бұл әзірге қаланың бір көшесіндегі тәжірибе ғана. Ал  жаңбыр суынан зардап шеккен Ескі әуежай аумағы, Әлиев, Тайманов, Доссор көшелері, «Лесхоз» шағын ауданы мен Геолог селолық округы тұрғындары  мәселенің жылдамырақ шешілгенін қалайды.  Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өткен ақпан айында ғана  158  тұрғыннан қоңырау түскен. Тиісті органдар 80500 текше метр суды қала сыртына шығарып төккен.  Алайда бұл табақпен су тасудан шаршаған, қолайсыз тіршіліктен шаршаған атыраулықтар үшін селт етпейтін цифрлар...

Базаргүл Ізімова,  «Біздің уақыт».