$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Су тасқыны қаупі күшейді

AstanaTV
20.02.2017ж. 20:00
3457
Су тасқыны қаупі күшейді

Еліміздің бірқатар аймақтарында жекелеген елді мекендерді су басуы мүмкін. Жағдай әсіресе, Қарағанды облысында қиын. Бұл өңірде 172 ауылды су шайып кету қаупі бар. Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері барлық су қоймалары мен өзендерді қазірден бастап бақылауға алып жатыр.

Қарағандылық құтқарушылар ең алдымен уақытша паналау пункттерін тексеруге кіріспек. Олар мектептер мен ауыл клубтарында, жатақханаларда ашылған. Бүгінде 3 жүзден астам апаттан құтқару қызметі құрылып, оған 5 мыңнан астам адам, 3 мыңнан астам техника тартылған. Мамандар халықты алдын ала хабарландырып жатқандырын айтты.

Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Суға батқан елді мекендердің бәрінің тізімін жасағанбыз. Олардың саны 172. Ол елді мекендер бойынша 209 эвакуациялық пункттар дайындап бергенбіз. Жыл сайын олардың дайындығын рейд өткізген кезде тексеретін боламыз.

Құтқарушылар ауылдарға жақын орналасқан 49 суқойманы да бақылауға алған. Олардың көбі облыстың оңтүстігінде орналасқан. Жылда суы арнасынан таситын қауіпті көлдер де осы маңда, әрі олардағы қардың мөлшері қалыпты жағдайдан едәуір көп.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысында 67 аулаға су толған. Бұған мамандар дер кезінде көшелердегі қардың тазартылмағаны себеп екенін жеткізді. Оған қоса 4 күн бұрын жауған нөсер жаңбырдың да салдары бар дейді. Әсіресе, Мақтарал ауданындағы жағдай қиын. Төтенше жағдай қызметкерлерінің мәліметінше, аулалар мен көшелердегі су әлі күнге дейін арнайы техникамен сорғызылуда.

Нұрболат Дербісов, ОҚО ТЖД бастығы:


ТЖД-ң жергілікті атқарушы органдармен бірлесе дер кезінде су басқан орындарға авариялық құтқару жұмыстарын жүргізіп, мотопомпалармен сулар шығарылды. Бұл айтылып отырған барлық мәліметтердің барлығы бұлар үйлеріне кіру қаупі төнген жоқ.

Осыған ұқсас жағдай Өскеменде де орын алуы мүмкін. Бұл аумақта да қардың дер кезінде тазартылмауынан 2 мыңнан астам жеке тұрғын үй су басуы мүмкін қауіпті аумаққа жатқызылып отыр. Аулалардағы қардың көптігі сонша, көшелер мен жыралардағы қар мен қоқысты тазартуға коммуналдық қызмет көмектесіп жатыр.

Максим Тесленко, «Өскемен қаласының әкімдік істерін басқару» МКҚК №5 филиалының директоры:

Казір қарды аршуға қыруар қаражат кетеді. Үйіп, оны таситын көлік керек. Оған зейнеткерлердің зейнетақысы жетпейді. Сондықтан біз ірі кәсіпорындардан техника сұрап алып, өзіміз артып жатырмыз. Кәсіпорындар да көмектерін аяп жатқан жоқ.

Ал, солтүстікте 95 ауылды қауіпті аумаққа ілінген. Мамандар 60-тан астам елді мекеннің жан-жағына кішігірім құмды бөгеттер тұрғызып, ауыл ішінде арықтар қазыпты. Есіл өзенінің жағасындағы Былғары зауыт кентінде биіктігі 4, ұзындығы 800 метрден асатын дамба салынды. Жуықта құзыретті мекемелер Мағжан Жұмабаев пен Мамлют аудандарындағы үлкен көлдерде арық қазып, су деңгейін түсірмекші.

Асхат Бәкішев, СҚО ТЖД төтенше жағдай жөнінде ескерту бөлімінің басшысы:

Жалпы, төтенше жағдай қорына 300 миллион теңге бөлінген. Біз бұл қаражатты су тасқыны кезінде жұмсай аламыз.

Құтқарушылар жағдай наурыздың аяғына қарай ушығуы мүмкін деп отыр. Ауа райын болжаушылар, елімізде дәл осы кезде күн күрт жылынатынын айтқан.

Айжан ҚУАШ