Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматы өткен жылы өзінің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтап қалды

AstanaTV
20.02.2017ж. 20:00
2740
Алматы өткен жылы өзінің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтап қалды

Бюджет бүйірін толтыруды Алматы өткен жылға қарағанда 22 пайызға арттырды. Ел қазынасына 1 трлн 259 миллиард теңге құйған. Бүгін ел алдында есеп берген қала әкімі Бауыржан Байбек осылай деді. Көпшіліктің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған қомақты жұмыс атқарып жатыр. Бірақ халық «ауырмаудың жолын іздеуден гөрі, ауырып ем іздегенді» әдетке айналдырғанын сынға алды. Айгүл Ермахан толықтырады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Халықтың әл-ауқатын жақсарту алдыменен денсаулықтан басталады. Майлы ас, артынан ыстық шай ішіп айықпас дертке шалдыққанша, ауырмаудың жолын неге іздемейміз? Бүгін халықпен бетпе-бет отырып сөйлескен қала әкімі Бауыржан Байбек алматылықтарды салауатты өмір сүруге шақырды.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Әрбір қазақ еуропалықтан бай болып саналады. Норвегияның бірде-бір азаматы 50 адамға той жасамайды. Бай адамдар көп ақша табатындар емес, бай адамдар - ақшаны дұрыс үнемдейтін адамдар. Адам өмір бойы шылым тартып, кейін қатерлі ісікке шалдықса, ол кімді кінәлауы керек? Ол бұл жерде өзін кінәлауы қажет, денсаулықты ойлау керек. Спортқа, туризмге ақша жұмсау дегеніміз - өзіңнің денсаулығына ақша жұмсау деген сөз.

Әкімнің айтуынша, ірі мегаполис өткен жылды өсіммен аяқтады. Ел қазынасына 1 трлннан аса қаржы түскен. Бұл былтырғыдан 22 пайызға артық. Еңбек мигранттарының ағылуына қарамастан, жұмыссыздық өткен жылғы 5,3 пайыз көрсеткішінде қалды. 25 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, алматылықтардың орташа жалақысы 12 пайызға өскен. Жергілікті жұртпен тілдескен әкім әлі де атқаруды күтіп тұрған шаруаларды пысықтады. Көпшіліктің көкейіндегі бүгінгі мәселе - баспана болды.

-Универсиада аяқталды. Спортсмендер тұрған атлеттер қалашығындағы үйлерді кімдер ала алады?

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:


4 санаттағы үйлер. Инфрақұрылымы өте жақсы. Қазір Қазақстанның ипотекалық компаниясына 1400 құжат халықтан түсті. Оның 490-ның жалға алып, төлей алатыны белгілі болды. 1 шаршы метрі  айына 1 306 теңгені құрайды. Яғни 50 мың теңге ай сайын төлеп отыратын болады.

Халық жергілікті атқамінерлердің қарды тазалау жұмыстарын да сынға алды. Бірақ қала басшысы сыннан сытылып шықты. Қар тазалаудың жаңа әдісін ұсынды. Енді қалың қар басса, оны тазалау үшін Мәскеудегідей жолдар жабылатын болады. Бұл қадам көп техникаға кететін ақшаны үнемдемек.

Айгүл Ермахан, тілші:

Шешуді қажет етіп тұрған тағы бір мәселе бар. Қазір қалада  халық  санынан көлік саны 9 есеге  артқан. Мәселе тек көлік кептелісінде ғана емес, одан бөлінетін зиянды затта. Қала экологиясын жақсарту үшін әкім алматылықтарды  метромен жүруге шақырды. Ол үшін 2020 жылға қарай мегаполисте тағы 2 метро бекеті іске қосылатын болады. Ал, трамвайды келешекте жеңіл рельсті көлік алмастырады.

Айгүл ЕРМАХАН