Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жағалауды пайдаланып отырған кәсіпкерлер жерлерінен айырылды

AstanaTV
20.02.2017ж. 20:00
2366
Жағалауды пайдаланып отырған кәсіпкерлер жерлерінен айырылды

Өзен маңындағы жерлерді уақытша пайдаланып келген ақтөбелік бір топ кәсіпкер жағажайларынан айырып қалды. Жергілікті әкімдік бұл аумақтарды бәссауда арқылы өзге кәсіпкерлерге сатып жіберген. Шағымданушы тарап болса, жағажайға салған қаражатымыз бен еңбегіміз ақталмады деп ашынып отыр. Олардың айтуынша, әкімдіктегілердің "жерді ұзақмерзімді пайдалануға береміз" деген ауызша уәделеріне сеніп қалған. Ал олар аукционға неге қатыспаған? Жақсыбек Кемал мән-жайды анықтады.

Бұл кәсіпкерлер қалалық әкімдіктің келісімімен 4 жылдан бері суға түсу маусымы кезінде қызмет көрсетіп келген. Сол үшін жылына 2-3 миллион теңгеден салық төлеп келген. Енді жағажайдан айырылғалы отыр. Өйткені өткен аптада демалыс орындарына арналған 9 аумақ бәссаудада сатылыпты. Олар бұл сауда туралы өздеріне дер кезінде ескертілмегенін айтады.

Нұрлан Ақжолов, кәсіпкер:

Ескертілген жоқ. Олар жазда звондап, земельный комитеттен, аукцион болмайды, на конкурсной основе болады деп айтты. Совещаниеде болдық, Бердібек Машбековичтің өзі айтты, «мына жігіттердің шаруасын бітіріп, ешқандай аукцион болмасын» деп айтқан. Енді міне, аукцион болып тұр.

Кәсіпкерлердің айтуынша, өздері пайдаланған жерлерге олар миллиондап қаржы салған. Тіпті, әр маусым ашыларда қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, халыққа жайлы жағдай жасау үшін орта есеппен миллион жарым теңге жұмсап келген. Дәмханадан бастап, әжетханаға дейін салған.

Арман Қазбаев, кәсіпкер:


Шынымды айтсам, қазір қолым түсті. Қайдан тірек іздейтінін білмеймін. Кім көмектесетінін білмеймін. Осылай келіп, біздің дайын жерлерімізді ақшамен келіп алып кетсе, біздің қаншама заттарымыз қалды, қаншама еңбегіміз қалды.

Саудаға шамамен 10 гектар жер, яғни 10 жағажай шығарылған. Оның 9-на қожайын табылыпты. Бір жағажай саудаға енді шығарылады. Мұны қалалық жер қатынастары бөлімі растады. Аталған бөлім басшылығы «біз барлық шараны заң шеңберінде ұйымдастырдық, сондықтан кәсіпкерлердің шағымдарына негіз жоқ» деп отыр.

Ұшқын Мыңбаев, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Бұған дейін пайдаланғандардың бәрі маусымдық мерзімге рұқсат қағаздарын алып, ЧСтен, соған сай пайдаланып жүрді. Бірақ біздің мақсатымыз - жер учаскелерін заңдастыру. Заңдастыру кезінде, сіз бұрын-соңды пайдаландыңыз екен деп, олардың аттарына заңдастырып беруге біздің құқығымыз жоқ.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жағажайдан айырылған кәсіпкерлердің арасында банктен несие алғандары да бар. Миллондаған қаржы жұмсаған жерлерінен бір күнде айрылып қалған олар құқық қорғау органдары мен әкімдіктен көмек сұрап отыр. Облыс әкімінің атына және прокуратураға да арызданыпты. Бірақ кәсіпкерлер жерді сатып алуға шамамыз жоқ дейді. Ал әкімдік саудаға шығарылған 9 жағажай 31 миллионға сатылды деп отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ