Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Welcome to Kazakhstan, Leo!

AstanaTV
05.03.2016ж. 20:00
2188
Welcome to Kazakhstan, Leo!

Сонымен, Леонардо ди Каприо «Оскарды» алды. Дұрыс шешім дейміз. Сөйтеміз де  мынадай тақырыппен сабақтастырамыз:

Жасыл экономиканы қолдау және G-global-ды дамыту коалициясы бар бізде. Қоғамдық ұйым Леонардо ди Каприоны ЭКСПО көрмесіне шақыру үшін хат жазып жатыр.  

Салтанат Рақымбекова,  «Жасыл экономиканы қолдау» және G-global-ды дамыту коалициясының басқарма төрайымы:

Ди Каприо мысалы твиттерінде болсын, фейсбугінде болсын, айтатын болса, Астана қаласында осындай керемет ЭКСПО көрмесі өтейін деп жатыр  соған біз де атсалысамыз деген ұсыныс болса, дүниежүзінің қызығушылығын арттыруға мүмкіндік бар. 

Леонардо ди Каприоны ЭКСПО-ға шақыру керек деген бастамаға қоғам үрпейісіп қарады. «Оған ақша қайда» дегендей. Бірақ жасыл экономика үшін шарқ ұрып жүрген Салтанат Рақымбекованың уәжін тыңдасаң, «неге шақырмасқа» деген ойға қаласың. Өйткені Леонардо ди Каприо талантты актер ғана емес.1998 жылдан бері қор құрып, экологиялық апаттармен күресіп жүрген табиғат жанашыры. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун оны жаһандық климаттық проблемалар бойынша елші етіп тағайындады. Осы жұмысы үшін алатын жалақысы 1 доллар ғана . Оның «Оскарды» алып тұрып айтқан сөзін тыңдаңызшы, тағы да сол ғаламдық экология мәселесіне тоқталды.

Леонардо ди Каприо, актер, «Оскар» сыйлығының иегері:

Климаттың өзгеріп жатқаны шындық. Дәл қазір солай болып жатыр. Бұл біздің бәрімізге төнген нағыз қауіп. Сондықтан біз бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Қылтың-сылтыңды қою керек

Осыдан бір ай бұрын мұхиттарға арналған қорық құру үшін қалтасынан 7 млн $ берген. 2013 жылы Christie's үйімен аукцион өткізіп, 38,8 млн $ жинап, қоршаған ортаны қорғауға жұмсаған. Өзі басқаратын қайырымдылық қоры мұхиттарды сақтауға 3 млн $ берген. 2010 жылдан беріәлемнің 40 еліндегі 70-тен астам экологиялық бастамаларды қаржыландырған. Табиғатты қорғауға жанын салып жүрген азаматқа біздің ЭКСПО-ның «Жасыл экономикаға» негізделген тақырыбы қызық болмайды деп кім айтады?!

Леонардо ди Каприо Қазақстанды қайтсін деп сынап отырғандарға тағы бір уәж. Актер мына тұрған Моңғолияға келейін деп отыр. Моңғолдар көк тиын төлейін деп отырған жоқ. Сол аймақтың экологиясын зерттеумен айналысатын экспедиция құрамына кіру үшін, қалтасынан 95 мың доллар ақшасын төлеп барады. Моңғолдар жерінде киіз үйде тұрып, қымыз ішіп, тұлпармен шапқысы келетінін айтқан. 

Салтанат Рақымбекова, «Жасыл экономиканы қолдау» және G-global-ды дамыту коалициясының басқарма төрайымы:

Ол оған тәнті болып отыр. Және ол Қазақстанды біліп отыр. Арал тақырыбын көтеріп отырған сол азамат.

Ал ЭКСПО көрмесінің басшылығы бұл ұсынысты тым болмаса қарастырамыз деп те үміттендірмеді. «Әр теңгені санап отырмыз»деп ауызды құрғақ шөппен сүртті. Айтпақшы, олар біздің арнаға сұхба тберуге де құлықсыздық танытты. Кейбір ақпарат құралдарына берген жауабы мынау:

Сергей Куянов,  «Астана ЭКСПО-2017» ҰК қоғаммен байланыс департаментінің директоры:

Ди Каприо келе ме, жоқ па, оны өзінен сұрау керек. Ал ұлттық компания EXPO-ны жарнамалау үшін оны арнайы шақыруды жоспарлап отырған жоқпыз. Қазір компания әр теңгені санап отыр. Ал ондай деңгейдегі адамды шақыру үшін оған белгілі бір райдер керек болады. Аз ақша кетпейді, шығын болады. Яғни, бұл мақсатымызға сай емес. 

Бір тоқтала кететіні «Оскар» марапатының «ең үздік фильм» номинациясын « Басты назарда» (ағылшынша Spotlight) — америкалық режиссер Томас Маккарти-ң фильмі жеңіп алды. Премьерасы былтыр күзде Венеция кинофестивалінде болған. Фильм The Boston Globe газеті журналистерінің зерттеуі жайлы: журналистер Бостон митрополиясының көптеген священниктері балаларды зорлағанын анықтайды. 290 священник педофил екенін, кардинал Лоудың оларды білгенін және фактілерді жасырғанын әшкерелейді.

 Бұл фильм тіршілік фальшке толы болса да, қылмыстың бәрібір ашылатынын айғақтайды...

Кеше Президент әйелдермен кездескенінде Ана жүрегі туралы аңыз-әңгімені еске түсірген: Сүйген қызының тәлпіш тілегін орындап, жақсы көретінін дәлелдеу үшін анасының жүрегін алып бара жатқан жігіттің сүрініп кетіп, құлап қалғанында Жүректің -балам, тізеңді жарақаттап алмадың ба- деп үн қататыны ше?!. Сол жерге жиналған аналардың ғана көзі жасқа шыланған жоқ. Иә, ана махаббатынан күшті махаббат жоқ, сірә?! Алдағы аналар мерекесі құтты болсын! «Біздің уақытты» «astanatv.kz» сайтынан көріп, оқи аласыздар. Келесі сенбіде жүздескенше!