$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтауда бұрынғы танымал журналист үй-күйсіз жүрген қаңғыбастар арасынан іздестіріліп жатыр

AstanaTV
21.02.2017ж. 20:00
2807
Ақтауда бұрынғы танымал журналист үй-күйсіз жүрген қаңғыбастар арасынан іздестіріліп жатыр

Әкесін екі жыл бойы өлдіге санап келген Қостанай қаласының тұрғыны оның тірі екенін анықтады. Ол әкесін ғаламтордағы бейнероликтердің бірінен ақтаулық қаңғыбастар арасынан көріп қалған.

49 жастағы бұрынғы журналист Алик Давлетшин Ақтауға жоғары жалақылы жұмыс табу үшін 2012 жылы келген. Алғашында туғандарымен сирек байланысқа шығып, кейін мүлдем хабарсыз кеткен. Қызының айтуынша, осыдан екі жыл бұрын әкесі пәтерін жалдап тұрған әйел оны қайтыс болды деп хабарлапты. Евгения полицияға жүгінген. Бірақ өлгендер қатарында әкесінің есімі болмай шыққан. Бейнероликте еріктілер тамақтандырып жүрген үйсіздер қатарынан әкесін таныған ол күн сайын Ақтаудағы жертөлелер мен жылу трассаларын аралайды. Әзірге нәтижесіз.

Евгения Бержанова, А.Давлетшиннің қызы:

Әрине, мақсатым - әкемді тауып, денсаулығын қаратсам, деймін. Ол  қаңғыбас болып туылған жоқ.  Оның жоғары дәрежелі мамандығы бар. Әкем - іздеуі жоқ жан емес.

Евгения Бержанова әкесінің ешқашан арақ ішпегенін айтады. Оның Қостанайда танымал журналист болғанын жеткізді. Енді әкесін тапқанша, Ақтауда боламын, деп отыр. Алик Давлетшинді іздеуге полицейлермен бірге еріктілер жұмылдырылды.

Ұлыгек Мылтықов, Маңғыстау облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары:

Бұл дерек  бойынша арыз түсті. Іспен жеке құрам мен учаскелік полиция түгелдей айналысып жатыр. Үйсіздер жүретін барлық жерлерден іздестірілуде. Тұлғаны анықтағанша, мақсатты жұмыс жасайтын боламыз.