$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда сейсмолог-мамандар жалақысыз жұмыс істеп жатыр

AstanaTV
23.02.2017ж. 20:00
2954
Алматыда сейсмолог-мамандар жалақысыз жұмыс істеп жатыр

Еліміздің әр өңіріндегі сейсмикалық жағдайды бақылап отырған мамандар жалақыдан қағылды. Жер асты дүмпуі туралы ақпаратты орталыққа жіберіп отыратын 276 адам екі айдан бері жалақысыз жұмыс істеп отыр. Ұлттық Сейсмологиялық зерттеулер орталығы бұл ақпаратты растады.

Әнуар Боранбаев, «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

Біздің қорымыздағы жанармай да, жұмысымызға қажетті химиялық қоспалар да таусылып барады. Тіпті энергетиктер де жарықты сөндіреміз деп құлақтандыру беріп кетті. Сонда жағдайымыз қалай болмақ.

Татьяна Вечеркина, зертхана жетекшісі:

Әйтеуір өлместің күнін кешіп жүрміз. Жұмысшылардың біразы ақысыз  еңбек демалысына жіберілді. Жалақы алмасақ та, жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Жұмысқа келіп-кетудің өзі шығын біз үшін.

Сейсмикалық станцияның жаңа жылдан бері жалақы көрмеуіне қарапайым бюрократиялық қателік түрткі болған. Ұлттық орталық басшысының айтуынша, жыл соңында бюджет қаражатын бөлу кезінде экспедиция және геологиялық зерттеу қызметін көрсететін мамандарға қарастырылатын қаржы ескерілмей қалған. Нәтижесінде 418 млн теңге аталған мекеменің есеп-шотына түспеген. Депутаттар да осы мәселеге қатысты Үкімет басшысының атына сауал жолдады.