$476.27 €515.47 ₽5.41
×

"Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді", - Қ.Тоқаев

04.07.2024ж. 20:00
233
"Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді", - Қ.Тоқаев

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы кеңістігі жаһандық сауда дамуының үлкен еуразиялық белдеуі бола алады. Бұл туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымы плюс кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша мән берген жөн. Себебі санкциялық даулар жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіріп отыр.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұндай жағдайда бізге оң динамиканы сақтауға және әлеуетімізді арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым икемді стратегиясын құру қажет.

Ал Александр Лукашенко ШЫҰ-ның ұжымдық қаржы институтын құруды ұсынды. Ол күн тәртібін қаржыдан бастауды ұсынды.

Александр ЛУКАШЕНКО, БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бәріміз алыппыз, ұлымыз дейміз. Иә, біз шынымен де ұлымыз. Біздің халқымыздыңм үлесі - шамамен 40 пайыз, жалпы ішкі өнімнің үштен бірі бізде. Ал доллардың алдында бәріміздің тіземіз дірілдейді. Осы долларға барынша азырақ тәуелді болу үшін белгілі бір қадам жасайық

Қасым-Жомарт Тоқаев та Азия құрлығының қазіргі дамуы көп жағдайда ШЫҰ-ның жұмысымен байланысты екенін айтты. Ол осы тұста Қытайдың ШЫҰ елдеріне өз нарығын кеңірек ашу ниетін құптады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Азиядағы жаңа тарихи экономикалық өсім көп жағдайда ШЫҰ арқасында болып жатқанын, бүкіл жаһандағы экономиканы тұрақтандырушы фактор болып отырғанын айтқым келеді. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ елдеріне өзінің ауқымды нарығына кеңірек жол ашып, тауар айналымын 3 трлн долларға дейін жеткізу ниетін құптайды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш болса екінші экзистенциалды қауіп — цифрлық технологиялар деп топшылады. Ол жасанды интеллект күштер теңсіздігін ушықтырып, байлықтың шоғырлануын арттырып, адам құқығын бұзады деп бағалады. Сондықтан жасанды интеллектінің адамзат өміріндегі рөлін реттеу — қуатты елдердің ғана шаруасы болмауы керек деді.

Антониу ГУТЕРРИШ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ:

Үкіметтерге шұғыл түрде технологиялық компаниялармен, академиялық ортамен және азаматтық қоғаммен жұмыс істеп, жасанды зейін тәуекелдерін басқару, оның зиянын бәсеңдету жүйесін шұғыл түрде біріздендіру қажет. Бұл тек бай елдердің ғана басым мақсаты болмауы керек. Аталған мәселе барша елдердің қатысуын талап етеді. БҰҰ осының бәрін жүзеге асыру үшін алаң ұсынуға дайын.

Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ аясында цифрлық білім қауымдастығын құру керек деген ұсынысын білдірді.

Си ЦЗИНЬПИН, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз Beidou навигациялық жүйесінің қолданысын кеңейтіп, халықаралық ай стансасын құру жобасына қатысуды құптаймыз. Цифрлық білім беру саласында ШЫҰ қауымдастығын құрудың, соның аясында цифрлық технология мамандарын дайындау үшін алдағы үш жылда мыңнан кем түспейтін квота бөлуді ұсынамыз.

Ал Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ШЫҰ гуманитарлық бастамалары мен бағдарламаларының бірыңғай банкін құруды ұсынды.

Шавкат МИРЗИЁЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз бірлесе отырып, мәдени, білім, жастар мен туристік алыс-беріс салаларындағы бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы ұйымды бұдан да жасампаз ететінімізге сенімдімін. Осы мақсаттарда біз барлық мүдделі тарапты жұмылдыра отырып, осы бағыттардағы жобаларды жүйелеуге және бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ШЫҰ-ның Бірыңғай гуманитарлық бастамалар және бағдарламалар банкін әзірлеуді ұсынамыз.

Сонымен қатар Режеп Тайип Ердоған Түркия терроризмге қарсы күресте ШЫҰ-мен диалогты дамытуға мүдделі екенін баса айтты. Оның пікірінше, осындай терроризм актілерінің салдарынан миллиондаған адам босқынға айналды. Тек Түркияның өзінде 4 млн босқын бар.

Режеп ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Атажұртымыз — Орталық Азия елдерімен әр салада ортақ пайда негізіндегі ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз әрі мүдделіміз. ШЫҰ Азия елдерімен диалог орнатуға өте ыңғайлы платформалардың бірі екенін атап өткім келеді.

«ШЫҰ+» кездесуінде сөз сөйлеген Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов ұйым мүшелерін Ауғанстандағы инфрақұрылым жобаларына атсалысуға үндеді.

Гурбангулы БЕРДІМҰХАМЕДОВ, ТҮРІКМЕНСТАН ХАЛК МАСЛАХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

ШЫҰ-ның мүдделі елдеріне Ауғанстан аумағындағы энергетикалық және коммуникациялық жобаларға қатысудың шарттарын қарастыруды ұсынамыз. Әңгіме «Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан» газ құбыры мен «Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан» электр желісі мен талшықты байланыс желісін тарту туралы болып отыр.

Жиын соңында Мемлекет басшысы, Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін мәлімдеді. Сондай-ақ серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.