$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елімізде 24 адам Астана деген есімге ие

05.07.2024ж. 20:00
1470
Елімізде 24 адам Астана деген есімге ие

Есімім – Астана. 26 жылда еңселі Елордаға айналған астанамен аттас 24 отандасымыз бар. Бас қаланың құрметіне сәбилерді сондай-ақ Астанай, Бәйтерек, Нұрастан, Астанали деп атау сәнге айналған. Ерекше есімге ие болған қазақстандықтар қайда барса да, төлқұжатын арқалап жүретін көрінеді. Астанамен аттас, құрдас жандармен тілшіміз тілдесті. 

Неге Астанай? 26 жастағы Атырау тұрғыны Астанай Бақыт ес білгелі осы сұрақты естіп келеді. Өзгелердің бұл есімге таңырқай қарауы да орынды. Астанай 1998 жылы 10-шы маусым күні Қазақстанның бас қаласы халықаралық деңгейде ресми Астана деп таныстырылған күні туған. Дүние есігін ашқан сәті тарихи күнмен тұспа-тұс келген Астанай сол кезде іргетасы жаңадан қаланып жатқан бас қаламен бірге өсіп – өркендеуде.

Астанай БАҚЫТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Атыма байланысты бірқатар қызықты оқиғалар да болып жатады. Аэропортта, жиындарға барған кезде, «Астанай» деген кезде қайтадан сұрап жатады, "жоқ мен сізден қалаңызды сұрап тұрған жоқпын, есіміңізді айтасыз ба" деп қайта-қайта өзіме ұрсып беріп жататындары да болады. Сондықтан көп жерде құжатымды арқалап жүруге мәжбүрмін.

Ал Шымкент тұрғыны Астана Қарғабайға астанамыздың "Астана" атанбай тұрған сәтінде осы есім берілді. Қазір жасы – 30-да. «Екінің бірінде жоқ ерекше есімім өзіме ұнайды» дейді.

Астана ҚАРҒАБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Астана деп менің есімімді әкем қойды. Әкем қойғанда да оның өзіндік бір тарихы бар. Яғни, ырымдап қойылған. Менің атамның екі ағасы болған. Ұлы Отан соғысында қайтыс болып кеткен. Сол аталарымның ең үлкенінің аты Астана болған. Сол кісінің аты өшпесін, ерлігі өшпесін деп ырымдап қойылған есім.

Биыл Астанаға – 26 жыл. Астана күні, әдеттегідей, ерекше сән-салтанатымен атап өтілмек. Қалада 100-ден астам іс-шара жоспарланған. Бүгіннен бастап эстрада майталмандары тұрғындарды әсем ән мен тәтті күйге бөлейді. Ертең ЭКСПО аумағында Open Air мерекелік концерті өтеді. Ал концерт аяқталғаннан кейін халық дрондардың жарық шоуын тамашалай алады.

Ақерке ЖҰМАНБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫ МӘДЕНИЕТТІ ЖӘНЕ ӨНЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда іс-шаралар тізбегі басталып кетті. "Театралды Еуразия" фестивалін ашқалы жатырмыз. Бұл да бір ерекшелік - ашық асп:ан астындағы театрлардың Астана қаласында өз өнерлерін көрсету. 6,7-ші шілде күндері қаламызда осындай театралды қойылымдар көрсеңіздер таңқалмаңыздар. Мұның бәрі осы Астана күнін мерекелеуге байланысты жасалып жатқан шаралар.

Бүгінде Астана халқының саны 1,5 миллионға жетті. Жыл сайын шаһарға 60 мыңға жуық адам қоныс аударады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Астананы не үшін жақсы көресіз?
- Астананы туған қаламдай болып кеткені үшін, Қазақстанның Елордасы болғаны үшін жақсы көремін. Және сұлулығы үшін.
- Қонақжайлылығы үшін.
- Әдемілігі үшін.
- Жайлылығы үшін жақсы көремін.
- Адамдары да жақсы екен. Этаж үйлері де көп екен. Одан кейін салқын. Сол үшін жақсы көремін енді.
- Жолдары кең, әдемі. Өзіме ұнайды Астана.
- Бәрі үшін жақсы көремін.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Ерке Есілдің жағасында бой көтерген Елордамызды жақсы көруге себеп көп. Астана – мүмкіндіктердің қаласы. Аспанмен таласқан биік ғимараттарындай асқақ армандардың қаласы. Оның ысқырық аязы, ақтүтек бораны мен бір сәтке де тоқтамайтын самал желі – бәрі-бәрі сондай ыстық, сондай жақын. Қарасаң, көзің тоймайтын әсем шаһарымыз - Тәуелсіз Қазақстанның жеңісі мен жетістігі. Жасай бер, арман қала, бас қала – Астана.