$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Балалардың үстіне кереует құлады: Павлодарда тәрбиешіге қатысты сот басталды

AstanaTV
11.07.2024ж. 21:25
309
Балалардың үстіне кереует құлады: Павлодарда тәрбиешіге қатысты сот басталды

Павлодар облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оқиға 29 ақпан 16:50-де «Точка роста» жеке меншік балалар орталығында орын алған. Сол сәтте орталықта 14 тәрбиеленуші мен тәрбиеші және оның көмекшісі болған.

– Балалар тәрбиешінің бақылауынсыз кереуеттің шетін ұстап, оны өздігінен тарта бастаған. Салдарынан кереуеттің жоғарғы бөлігі үш бүлдіршінге құлаған. Салдарынан олардың біреуі оң жақ иық сүйегінің хирургиялық мойнының сынуы түрінде орташа дене жарақатын алған. Бүлдіршін облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесіне жатқызылған, – деді Павлодар прокурорының орынбасары Марат Әлкенов.

Жарақат алған баланың анасы Ақмарал Жұматаева ұлының басына түскен соққы салдарынан түнде құрысулар болатынын, шошып оянатынын айтады.

– Дәрігерлер егер инъекциялар мен дәрі-дәрмектер қабылдамасақ, эпилепсия ауруына айналуы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ невропатологтың есебінде тұрмыз. Оқиғадан кейін қорқыныш пайда болды, бала кереуетте жатудан қорқып, еденде ұйықтайды, – деді Ақмарал Жұматаева.

Оның сөзінше, оқиға орын алғаннан кейін тәрбиеші де, директор да бақшада болған жағдайды айтпаған. Анасы баланы алу үшін сағат 18:30-да келген. Тәрбиешіге «бәрі жақсы ма?» деген сұрағына «иә, бәрі жақсы» деп жауап берген.

– Мен баланы үйге алып кетуге келген кезде мазасыз екенін байқадым, бірақ сол кезде мен балабақшада зардап шегуі мүмкін деп ойлай алмадым. Кейін үйде ұлым қолының ауырып тұрғанын айтып, шағымдана бастады. Мен тәрбиешіге хабарласып, не болғанын сұрағанда ғана ол баламның үстіне кереует құлағанын айтты. Баламды дереу ауруханаға апардым. Орталық қызметкерлері, басшылығы өз кінәләрін мойындамайды. Мен әділ шешім болғанын қалаймын, – деді жәбірленушінің анасы.

Видео кадрларда үш қабатты кереуеттер қабырғаға бекітілмегенін көруге болады. Бұл уақытта тәрбиеші мен оның көмекшісі ойыншықтар жинап жатқан.

– Мен балалардың кереуетті қалай шайқап тұрғанын да, оның қалай құлағанын да байқамадым. Тарс еткен дауысты естігенде бірден балаларға жүгірдім. Кереуетті көмекшімен көтеріп, балаларды қарап шықтым, оларды тыныштандырдым. Содан кейін бірден директорға жүгіріп барып, не болғанын айттым. Кереуеттердің қабырғаға бекітілмегенін білмедім. Директор камераны қосып, осы сәтті қарағанда маған ешкімге ештеңе айтпауды, ата-аналарына хабарламалауды тапсырды, – деді тәрбиеші.

Сотталушы «Балапан» тобының тәрбиешісі қызметінде орталықта шамамен бір жыл уақыт жұмыс істейді. Оған екі мың АЕК-ке дейін айыппұл немесе «Міндеттерін тиісінше орындамағаны» үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.