$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жетімдер үйіне қоғамдық бақылау жүргізіледі - Ерлан Сағадиев

AstanaTV
24.02.2017ж. 20:00
2857
Жетімдер үйіне қоғамдық бақылау жүргізіледі - Ерлан Сағадиев

2017 жылдан бастап мектептерде педагог ассистент қызметі енгізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде белгілі болды. Олар жеке бағдарламамен оқитын ерекше қажеттіліктерге мұқтаж балалармен жұмыс істейді. Яғни мүмкіндігі шектеулі балғындардың өзге балалармен мектепте білім алуына қосымша жағдай жасалмақ. Білім және ғылым министрі болса, мұғалімдерді өзі бас болып қорғауға кірісті. Саланың өзге де жаңалықтарын Айгүл Әдепбай айтады.

Мұғалімдерге тексеруші органдардың тісі батқаны сонша, тіпті олар Білім және ғылым министрінің сөзіне құлақ аспай, тексерушілердің алдында қалтырап отыр. Мұны министр Ерлан Сағадиевтің өзі мойындады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Біз бүгін де қағазды есепті алып тастай аламыз. Бірақ бірқатар қиындықтар бар. Ең біріншіден, мұғалімдердің өздері тексеруші органдардан қорқады. Біз мұғалімдер мен директорлармен сөйлестік, олар, «біз қағаз журналды толтырамыз, өйткені қорқамыз», дейді. Мен қағаз журналды толтыруға тыйым салсам ше, деймін. «Онда біз түнде толтырамыз, өйткені ол ақша, ертең сол үшін басымыз кетеді», дейді.

Ұстаздарын қорғаушы органдардан арашалап қалу үшін министр қаржы министрлігі және Бас прокуратурамен бірлесіп, арнайы бұйрық шығармақ. Оған сай тексеруші қаржы органдары мұғалімдерден есепті қағаз жүзінде сұрамауы тиіс. Министр мұғалімдерді арқасына жүк артып қойған өзге ведомстволардан да арашалап алмақ. Ұстаз өзіне тиесілі емес басқа тапсырмалармен бас қатырмауы керек, деді.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Мұғалімдерді оларға тән емес жұмыспен айналысуға мәжбүрлеуді тоқтату керек. Олар бүгінде түрлі сараптамаларды жинайды, жол жүру құжаттарын таратады, тексерістермен айналысады. Үкімет қаулысын шығарып, басқа органдарға ұстаздың еңбегін пайдалануға тыйым саламыз.

Айтпақшы, биыл жоғарғы оқу орындарына гранттар саны көбейтілді. Бакалаврлар үшін 31 мыңнан 36 мыңға, магистранттар үшін 7-ден 10 мыңға дейін және докторанттар үшін 600-ден 1000-ға дейін ұлғайтылды. Дегенмен, министр әкімдерді өздерінің аймақтарына қажетті мамандықтар үшін көбірек грант бөлуге шақырды.

Министр балалар үйіндегі жағдайды жақсарту үшін қоғамдық бақылау жүргізілетінін де мәлімдеді. Қамқоршылық кеңестер құрылады. Оған кірем дегендер, бірінші наурызға дейін өтініш беріп, жетімдер үйінде болып жатқан оқиғаларды бақылай алады. Бұған дейін адам құқы жөніндегі омбудсмен жетімдерді асырап алғандар оларды қайтадан балалар үйіне қайтарып жатыр деп, премьер-министрдің атына хат жазған еді.

Асқар Шәкіров, Қазақстандағы адам құқықтары бойынша уәкілетті:

Қазақстандықтардың санасына баланы қамқорлыққа немесе патронатқа алуды емес, өз отбасына асырап алуды сіңіру керек. Асырап алынған жетімдердің балалар үйіне қайтып оралуын азайту үшін, асыраушы ата-аналарға арнайы оқулар ұйымдастыру керек. 2015 жылы қамқорлыққа және патронатқа 1107 бала алынса, оның 211, яғни 19 пайызы балалар үйіне қайтарылған. 2016 жылы 734 баланың 188 қайтып келді. Әрбір төртінші бала екінші рет жетім атанады.

Жақында президент сынға алған ғалымдар мәселесі де сөз болды. Министр ғалымдарға, жобаға қажетті ақшаны бизнестен сұраңдар, деді. Өйткені мемлекет жоба құнының 90 пайызын қаржыландырады. Ал Сингапур үкіметі 50 пайыздық қолдау ғана беретін көрінеді. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ