$454.98 €509.53 ₽5.37

ХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары заңсыз алтын өндіргені үшін сотталды

ХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары заңсыз алтын өндіргені үшін сотталды
Фото: ҚМА

Күдіктілер 15 келіден астам алтынды заңсыз өндіріп, қоршаған ортаға 300 миллион теңгеден астам залал келтірген

Өскеменде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А. Рахымжанов пен оның сыбайласы Д.М. Нұртазин 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Шенеунік пен оның серіктесі Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырған, деп хабарлайды AstanaTV.

Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін олар өздеріне бағынысты «EastGoldStone» ЖШС-ын пайдаланған. Аталған серіктестіктің тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензиясы болғанына қарамастан, олар аймақта ауыр техниканы қолданып, толыққанды өндіріс орнатқан. Өндіріс барысында экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар мен арнайы жуу жабдықтары белсенді пайдаланылған.

Күдіктілердің заңсыз әрекеті салдарынан өндірілген алтынның жалпы көлемі 15 келіден асып, оның нарықтық құны 844 миллион теңгеден жоғары болды. Тергеу амалдары кезінде құны 382 миллион теңгені құрайтын 6,7 килограмм алтын мен 579 грамм күміс заттай дәлел ретінде тәркіленді.

Заңсыз тау-кен жұмыстары өңірдің экологиясына да елеулі зиян келтірді. Бүлінген жердің жалпы аумағы 18,2 гектарды құрап, мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылған. Экологтардың бағалауынша, табиғатқа келген залалды жою үшін 300 миллион теңгеден астам қаржы қажет.

Сот үкімімен айыпталушылардың құны 372 миллион теңге болатын мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді. Тәркіленген мүліктің қатарында 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 миллион теңге мен 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.