$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 53 күн қалды

17.07.2024ж. 20:00
246
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 53 күн қалды

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 53 күн қалды. Қазір дайындық жұмыстары қызу жүруде. Дүбірлі додада 89 елден 2500-ден астам спортшы бақ сынайды. Олар 21 спорт түрінен 97 медальды сарапқа салады. Сондай-ақ, шара кезінде Елордаға 100 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде. Оның басым бөлігі шетелдік қонақтар.

Абылай ҚОНДЫБАЕВ, 5-ШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ ДИРЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әрине, қазіргі таңда дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Біз дайындық жұмыстары жөнінде ақтық мәреге шықтық деп айтсақ болады. Бүгінгі таңда біздің нысандарымыз дайындалып жатыр. Бүкіл шараларымыз өтетін жерлерді Астана қаласы әкімдігімен бірге дайындап жатырмыз. Бұқан бөлек, халықаралық өтінімдерді қабылдау жүргізіліп жатыр. Шетелдік қызығушылық өте көп.

Байрақты бәсеке кезінде еріктілерге артылар жүк ауыр. Оларға қонақтарды күтіп алу, нысандарды аралату, меймандарды акредиттеу секілді 16 бағыт бойынша жұмыстар жүктеледі. Қазір 1000-ға жуық ерікті іріктеліп алынған. Тағы 300-дейі резервте тұр. Оларға қойылатын талап та жоғары. Кем дегенде 3 тіл білуі міндетті. Қазір волонтерларды оқыту жұмыстары жүргізілуде.

Бақдәулет ЖАНДІЛДАЕВ, 5-ШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ ВОЛОНТЕРЛАРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Осы жұмыстар бойынша оларды оқытудың екінші кезеңін өткізіп жатырмыз. Екінші кезең аясында оларды нысандармен таныстыру, ұлттық спорт түрлерімен таныстыру, олардың ережесімен таныстыру, қонақтар келетін аэрапорт, вокзалдармен таныстыру, сол жерде әртүрлі квест, таныстыру ойындарын өткізудеміз. Енді мұның барлығы еріктілерге елге келген туристерге ақпарат бере алуы үшін жасалуда.