Павлодарлықтар
Ұлыстың ұлы күнін сәуірде емес, наурызда елмен бірге атап өтеді. Тек биылғы
мерекеде жылдағыдай ақшаңқан киіз үйлер көптеп тігілмейді. Көрме үшін ғана
санаулы үйлер орнатылмақ. Арнамызға сұхбат берген мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
басшысы Самал Бегалинова осылай деді.
Мұндай
шешімнің қабылдануына аймақтың климаттық ерекшелігі себеп болған. Павлодарда
жыл сайын наурызда ауа райы құбылмалы болып келеді. Бірде қар жауса, енді бірде
жауын жауып, елді әбігерге салады. Шенеуніктердің ақпарынша, биылғы Наурыз
мерекесі дәстүрлі сән-салтанатымен тойланады.
Самал
Бегалинова, Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
Ылғи
жел қатты болады. Киіз үйлердің көбі желден құлап жатады. Содан кейін биыл қар
көп түсті. Қар тазалау мәселесі бар. Соған орай сондай өзгерістер енгізіліп
отыр. Келесі жылы да дәстүрге айналады деп ойлаймыз. Халық соны қолдап отырса,
киіз үйлерді қою мәселесін жылы күндерге шегіндірсек деп.
Айта
кетсек, Павлодар облысында Ұлыстың ұлы күнін наурызда емес, сәуірде атап өту
туралы ұсынысты аймақ басшысы Болат Бақауов айтқан еді. Оның пікірінше, 22 наурызда өңірде қысқы ауа райы сақталады. Сондықтан жаңару
мерекесін көк шығып, күн жылынғанда тойлау орынды. Бақауовтың бұл ұсынысы әлеуметтік желілерде
қызу талқыланды. Қолданушылардың бір бөлігі мереке уақытын ауыстыруға қарсы
шықса, келесі топ бұл идеяны қолдап жатты.