Допинг қолданған спортшылар қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма? Мәжілістің
пленарлық отырысында депутаттар осындай мәселені көтерді. Ал министр Арыстанбек
Мұхамедиұлы жаңадан әзірленген заң жобасына бұндай талап енгізілмегенін, келесі
заңнамаларда қарастыратынын айтты. Мәжілістің су жаңа депутаты Серік Сәпиевтің
де бұған қатысты айтары бар.
Жиын
жаңадан сайланған депутат Серік Сәпиевті таныстырудан басталды. Мәжіліс
төрағасы Нұрлан Нығматулин Олимпиада чемпионының алғашқы жұмыс күнін спорт
мәселесін талқылаудан бастағанын жақсы ырымға балады.
Нұрлан
Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Құрметті
әріптестер, кеше Орталық сайлау комиссиясы Серік Сапиевті Мәжіліс депутаты
ретінде тіркеді. Здесь, Серік, мажилис не ринг, конечно, но бои тоже жаркие бывают. Поэтому здесь тебе тоже желаем победы.
Депутаттарға
спорт саласын қаржыландыру жүйесіне қатысты заңнама таныстырылды. Құжатты
палатаға алып келген Мәдениет және спорт министрі «бюджетті айқындаған кезде
спорт түрлерін саралау критерийлері ескеріледі» деді. Төрағаның спортқа жақын
болғанынан хабардар екенін де жасырмады.
Арыстанбек
Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт
министрі:
Шығыс
Қазақстанда қысқы спорт түрлері дамыған. Қарағанды облысы бокстан мықты. Осында
отырған Серік Сәпиев сөзіміздің дәлелі болса керек. Төраға Нұрлан Зайроллаұлы
да кезінде Қарағандыда бокспен айналысқан. Шындығымды айтып жатырмыз ғой.
Депутат
Азат Перуашев былтырғы жыл допинг дауына толы болғанын айта келіп, жаңа
заңнамада допинг қолданған спортшыларды, оған қатысы бар жаттықтырушылар мен
дәрігерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту қаралған ба деп сауал тастады.
Ведомство басшысының айтуынша, жыл бойы дауға айналған мәселе заң жобасына
енгізілмепті. «Біз халықаралық тәжірибені зерттеп жатырмыз. Келесі жолы
парламентке ұсынатын боламыз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ал
чемпион-мәжілісмен мұны талқылаудың өзі ауыр екенін айтады.
Серік
Сәпиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Осы
заң жобасында айтылғанның бәрін қолдаймын. Бірақ допинг қолданғандарды қылмыстық жауапкершілікке
тарту деген өте ауыр мәселе. Спортшы 250 мың долларын алады, сосын екі жылдан
кейін допинг белгілі болып, алтыныңды алып қойса. Ол ақшасын жаратып үлгереді.
Оған қоса оны жауапкершілікке тарту -
бұл, әрине, қиын мәселе.
Серік
Сәпиев экс-депутат, жерлесі Мұхтар Тінікеевтің өзіне жаңа жұмыс орнында
сәттілік тілегенін жеткізді. Ал заңнама
бірінші оқылымда қолдау тапты. Бұл құжат бойынша спорттың барлық түріне қаражат
бірдей жетеді, алайда жетістіктерге қарай басымдық болмақ.
Саламат ОМАШ