Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қостанайда жол ақысы қымбаттады

AstanaTV
01.03.2017ж. 20:00
3025
Қостанайда жол ақысы қымбаттады

Қостанайда жолақы қымбаттады. Бүгіннен бастап қоғамдық көліктерде жүру құны 20 теңгеге өсіп, 80 теңге болды. Қала маңы мен саяжайларға қатынайтын автобустарда жолақы 90 теңгені құрайды. Ал Қызылжарда қоғамдық кеңестің мүшелері жолақының көтерілуіне қарсылық білдірді. Тасымалдаушы компания өкілдері өткен айда бағаны 65 тенгеден 80 теңгеге өсіруді ұсынған болатын. Заңғар Санай сабақтайды.

Заңғар Санай, тілші:

Қостанайлық тасымалдаушы компаниялар тарифті өсіру мәселесін былтырдан бері көтеріп келеді. Сұйық отынмен қосалқы бөлшектердің қымбаттауы өңір кәсіпорындарын тығыраққа тіреді. Тасымалдаушылардың өтінішін қарастырған қалалық әкімдік пен мәслихат жуықта жол құнын 60 теңгеден 80 теңгеге көтеру жайында шешім шығарды. 

Ержан Көкішев, Қостанай қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

Тасымалдаушылардың есебі ескерелді. Сонымен қатар  жанар-жағармайдың көтерілуі, қымбаттау және доллар курсының жоғарылауы тағы бар. Өйткені олар жабдықтарды еуропа елдерінен сатып алады.

Тарифке қатысты тұрғындардың пікірі  әртүрлі. Кейбіреуі  80 теңге қымбат десе, енді бірі жол құнын көтеру керек дегенді құптап отыр.

-Бәрі қымбаттап жатыр. Азық-түлік. Проезд. Мен көбінесе жаяу жүрем. -Бізден сұрамайды ғой. Халыққа қиынырақ. Қалтасына батады деп ойлаймын. - Көтерген дұрыс. Автобус жүргізушілерінің де отбасын асырау керек. Айлығын көбейту керек.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорын өкілдері жергілікті биліктің бекіткен бағасы істің ілгері басуына септігін тигізер деген сенімде. Қостанайдағы «Компания -СТА» кәсіпорнында отыздан астам қоғамдық көлік бар. 10 жылдан бері техника паркі жаңартылмаған. Жарамды автобустар алу үшін жолақысы кем дегенде 125 теңгеден төмен болмауы тиіс, -дейді компания басшылығы.

Юрий Панасенко, «Компания-STA» ЖШС директорының орынбасары:

80 теңге, біздің шығынды толық өтей алмайды. Ал егер Ресейден жаңа автобус әкелетін болсаң, 10 жыл бойы оның 2 миллион теңге көлемінде утилизация құнын төлейтін боласың. Тіркеуге қою, салық секілді басқа шығындар тағы бар.

Ал Қызылжарда қоғамдық кеңес мүшелері жол ақысын көтеруге қарсылық білдіріп отыр. Олардың пікірінше, тасымалдаушылар әуелі халықтың уәжіне құлақ асқаны жөн. Сол үшін қоғамдық тыңдау ұйымдастырып, жол ақысын талқыға салу керек, деп санайды. Енді тариф мәселесі мәслихаттың қарауынан бұрын алдымен бұқараның кеңесіне салынбақ.

Павел Афанасьев, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты, қоғамдық кеңестің мүшесі:

Жолаушылар тасымалдау компаниялары тариф көтерілгесін, қызмет сапасының артатынына уәде береді. Бірақ жол ақысы қызмет сапасына қалай әсер етеді? Неге сол ағаттықтарды қазір жоймасқа? Мен өз басым жол құнын көтеруге қарсымын.

Қызылжарлық тасымалдаушылар бағаны 65-тен 80 теңгеге өсіруді ұсынғанын өткен жаңалықтарымызда хабарлаған едік. Қоғамдық кеңестің мүшелері оған қарсылық білдірген. Ал, Тобыл өңірінде қала ішіндегі автобустардың жолақысы соңғы рет 3  жыл бұрын өзгерген. Одан бері дизель отыны мен қосалқы бөлшектердің құны екі есе қымбаттады. Көктемгі егіс науқаны тұсында сұйық отын бағасы күрт көтеріледі. Сол кезде тағы тығырыққа тірелеміз, - дейді тасымалдаушы компания өкілдері.

Заңғар САНАЙ