Маңғыстау
облысында көпбалалы отбасы далада қалуы мүмкін. Отағасының айтуынша, Қорғаныс
министрлігінің өкілдері оларды баспанасынан шығарып жатыр. Даудың басы жер
телімінен басталған. Шамшырақтың бұрынғы қараушысы Жәңгірхан Сүлейменов өткен
жылдың тамыз айында шығарылған соттың шешімімен келіспейді. Жоғары сотқа және Бас
прокуратураға шағым түсірген. Мәселенің мән-жайын тілші тарқатады.
Ондаған
сот шешімдері мен талап арыздарды бірнеше рет қарап шығатын Жәңгірхан Сүлейменовтің өзі де бұл күнде
заңгерге айналған. Бұлай істеуге мәжбүрліктен барып отыр. Айтуынша, өткен жылы
көрші учаскедегі әскерилер келіп оның тұрып жатқан үйі Қорғаныс министрлігіне
қарасты жерде орналасқанын мәлімдеген. Ал Мұнайлы ауданы әкімдігінің берген
құжаты заңсыз көрінеді.
Жәңгірхан
Сүлейменов, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
Аудан
әкімдігі маған барлық құжаттарды берді. Ал екінші мемлекеттік мекеме Мұнайлы
ауданы әкімдігімен соттасып жатыр. Жауапкер ретінде мені шақырады. Олар
соттасады, ал мен үй-күйіз далада қалуым керек екен. Жағдай міне, осылай болып
тұр.
«Менің
түсінбейтінім, бұл жер телімі әскерилерде басқа кадастрлық нөмірмен, ал менде
мүлде өзге нөмірмен көрсетілген», - дейді Жәңгірхан Сүлейменов. Оған қоса Ақтау
гарнизонының әскери соты үйді тек жауапкер ғана босатуы тиіс деген шешім
шығарған. Осында тіркеуде тұрған ағасы ескерілмепті. Көпбалалы отбасының өзге
мүшелері сот процесі басталғанда қалаға көшіп кеткен. Сондай-ақ, ол азаматтық
істі неге әскери сот қарап жатқанын ұқпаймын,- дейді.
Жәңгірхан
Сүлейменов, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
Ешқандай
тексеріс жүргізілген жоқ. Бұл таза жемқорлық. Бір қылмыстың бетін жабу үшін
екіншісін жасап отыр. Сот екі бірдей 0,25 гектарды шатастырған деп ойлаймын.
Бізде анық ұсталған жағдайды ғана жемқорлық дейді, ал мұндай жағдай болса, ұзақ
қарайды.
Маңғыстаулық
азамат: "Егер Қорғаныс министрлігі өзім тұрып жатқан үйге пара-пар баспана
береміз десе, дау айтпас едім",- дейді. Бұған дейін өзге шырақшыларға
осындай ұсыныс жасалған. Қазір Жәңгірхан сот орындаушылардан баспананы босату
туралы үшінші хабарландыру алды. Ақтау гарнизонының әскери соты шығарған
шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
Ерлан
Ахмеджанов, ҚР әскери сотының бас
маманы:
Мұнайлы
ауданы әкімінің 2014 жылы жер учаскесін жеке қолға беру туралы қаулысы заңсыз
деп танылған. Апелляциялық алқа материалдармен танысып, алғашқы шығарылған
шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Бірнеше
күн бұрын Жоғарғы сотқа жіберген шағымы қаралса, істің ақ-қарасы анықталар,-
деп сенеді Жәңгірхан Сүлейменов. Арыздың бір данасын Бас прокуратураға да
жөнелткен. Ал әзірге ол өз үйінде қонақ ретінде тұруға мәжбүр.
Айбек
ҚОСАН