$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Президент қыз-келіншектерді құттықтады

AstanaTV
07.03.2017ж. 20:00
4684
Президент қыз-келіншектерді құттықтады

8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында президент әдеттегідей қыз-келіншектермен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев әйелдерге қалай ұнау керек екенін айтып берді. Бір топ қыз-келіншектермен кездескен мемлекет басшысы оларға батыр аналарды үлгі етіп, ел үшін еңбек ету керектігін айтты. Биылғы «Көктем шуағы» кездесуінің ерекшелігі - ән айтылып, нәзік жандылар поэзиядан да кенде емес екендерін көрсетті.

Бүгін Ақорда нәзік жанды аруларды қонақ қылды. Сегізінші наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай президентпен кездесуге көп балалы аналар, депутаттар, ғалымдар, кәсіпкер, өнертапқыш, дәрігер, әнші, журналист, актриса, спортшы, жауынгерге дейін келді. Құттықтау сөзін президент жастарға батыр аналарды үлгі етумен бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ел үшін ер-азаматтармен бірге жауға шапқан Бопай ханым, Хиуаз Доспанова, Әлия, Мәншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бәріміз білеміз. Қазақ әйелдерінің арасында зор құрметке бөленген үлкен аналарымыз Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным ханша, Зере әжелеріміз парасаттың символы болып саналады.

Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысынан келген ұлты неміс Ирина Седова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екенін айтып, президентке ұлттық аспап сыйлады.

Ирина Седова:

Сіздің домбыраны жақсы тартатыныңызды бәріміз жақсы білеміз. Мен сол үшін тоғыз пернелі домбыраны тоғыз миллион әйелдің атынан сыйлаймын.

Құттықтау сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы әйелдердің үлесін де айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда Мәжіліс депутаттарының 27 пайызы әйелдерден жасақталған. Мемлекеттік қызметшілердің «Б» корпусының 55 пайызы да әйелдер. 40 пайызы маңызды саяси лауазымдарды иеленген. Тіпті Президент аппаратында да қыздар мен әйелдер басым, - деді мемлекет басшысы. Президент оларға ұнаудың формуласын да айтып берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


Если хочешь понравиться женщине, если она красивая, говори, что умная. Если она не очень выглядит, говори, что красивая. Если не то и не другое, говори: "Как ты похудела". Правильно?

Ал өз кезегінде президенттен құттықтауларға ие болған арулар өз өнерлерін паш етті.

Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев әскери қыз-келіншектер мен батыр әйелдердің жұмысы ауыр екенін ескеріп, олар туралы келесі кездесуге дейін «заманауи батыр әйелдердің антологиясын» шығаруды ұсынды. 

Саламат ОМАШ