Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Парламент қабылдаған заң Конституциялық кеңеске жіберілді

AstanaTV
06.03.2017ж. 20:00
2210
Парламент қабылдаған заң Конституциялық кеңеске жіберілді

Президентке қол қою үшін ұсынылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Конституциялық кеңеске жолданды. Парламент қабылдаған құжатты Ата заңның 72 бабына сәйкес мемлекет басшысы Конституцияда белгіленген құндылықтарға сәйкестігі тұрғысынан қарастыру үшін аталған кеңеске өтініш білдірген.

Заңды қабылдау барысында екі палатаның біріккен комиссиясына 26 ұсыныс түсіп, парламент 10 ұсынысты қабылдаған. Олардың басым бөлігі бірінші оқылымда көтерілген мәселелер, - деді депутат Нұрлан Әбдіров. Оның айтуынша, бұдан былай президенттікке үміткердің жоғары білімімен қатар басқа да талаптар қойылуы мүмкін. Алайда ол талаптар конституциялық заңда бекітілуі шарт. Сондай-ақ, қабылданған заң бойынша президент Қорғаныс және Сыртқы істер министрімен қатар тағы бір ведомствоның басшысын тағайындау құқына ие болуы мүмкін.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бір ұсыныс болды тағы. Ішкі істер министрін бекіту және босатылуы президентке берілсін деген. Содан біз жазбаша түрде ұсыныс алып қарастырдық және онымен келістік. Себебі ІІМ ең бастысы қоғамның ішінде қауіпсіздік үшін тікелей жауап береді.

Парламенттің біріккен комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Президент ұсынған заң жобасында Конституцияның 19 бабына 26 түзету қарастырылған. Ол бойынша Конституцияда Елбасының мәртебесі белгіленіп, президенттің мемлекеттік басқару құзыреті сақталады. Айта кетейік, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кейбір өкілеттігін үкімет пен парламентке бөліп беру керектігін айтқан болатын.