$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Саяси додаға қатысушы партиялардың үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр

AstanaTV
10.03.2016ж. 20:00
3028
Саяси додаға қатысушы партиялардың үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр

Сайлауға қатысушы партиялар  үгіт-насихат шараларын жалғастыруда. Қазақстанның әр аймағында  сайлаушылармен кездесулер өтіп жатыр. Бизнес өкілдерімен,жұмысшылар қауымымен сондай ақ ауылдағы ағайынмен жүздескен азаматтар олардың Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына белсенді қатысуын қалайды. Сондай ақ сайлау кезінде өздерін қолдауға шақыруда. Кездесулер барысында сайлаушыларға әрбір партияның толыққанды тұғырнамасы таныстырылды.

Үгіт-насихат науқаны аясында «Нұр Отан» партиясының делегаттары Сыр өңіріне ат басын тіреді. Билік партиясының Республикалық сайлауалды штабы өкілдерін қызылордалық мыңдаған сайлаушы қарсы алды. Белсенділер аймақтағы бірнеше өндіріс кешенінде болып ұжым мүшелерімен жолықты. Соның қатарында - «Автомобиль жолдары басқармасы» мен «Жан-Арай» агроиндустриалды дәнді-дақылдар өндіруші зауыты бар. Партия мүшелері жекелеген үйлерге кіріп, тұрғындарға тұғырнаманы таныстыруды да құп көрген. Спортшылармен жүздесу ұйымдастырылып, кездесу жақтастар форумына ұласты. 

Нағиша Есбосын, мұғалім:

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасынан алдағы үш жылда елімізде апатты жағдайдағы жəне үш аусымда білім беретін мектептердің мəселесі толық шешімін табатынын біліп қуанып жатырмыз.

Өміртай Жүнісбаев, жүргізуші:

Қызылорда облысының мыңдаған тұрғыны осы жерден екі қолға бір күрек тапты. Халық үшін бұл жол  тіршілік көзіне айналды. Біз оған қуанып жатырмыз.

«Ақжол» партиясының Республикалық сайлауалды штабы мүшелері  Солтүстік Қазақстан облысында жүр. Партия белсенділері бүгін Мамлют ауданына қарасты Щучье ауылына арнайы келді. Мұнда олар «Белое- Агро» серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысып, еңбеккерлермен кездесті. Елді-мекенде небәрі 45 түтін бар. Бірақ соған қарамастан осында ең ірі шаруақожалығы орналасқан. Онда шамамен 500-ден астам ірі қара мал бар. «Ақ жол» партиясы сайауалды бағдарламасында, әсіресе ауыл шаруашылық секторына баса мән берілген. Сондықтан белсенділер серіктестіктің бүгінгі жай күйімен жете танысуға ниетті

Талғат Ерғалиев, «Ақ Жол» ҚДП реcпубликалық штабының мүшесі:

Өзіміздің бағдарламамызда бар. Кәсіпкерлікті қолдау үшін жаңағы айыппұлдарды тоқтату керек. Салықтарды азайту керек, ауыл шаруашылықта. Сондай-ақ қосымша салықты жою керек. Қазіргі уақытта осы ауыл шаруашылықта еңбек жасап жатқан мекен орындарға салық демалыстарды беру керек. Сонда біздің ауылымыз әрі қарай дами береді.

Ал «Ауыл» партиясының орталық аппаратында «Денсаулық жолы» атты тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Оған ғалымдар, салауатты өмір салтын насихаттау орталығының өкілдері, медицина  мамандары мен сарапшылар шақыртылған. Жиын алдымен партия белсенділерінің сайлауалды бағдарламаны таныстыруымен басталды. Содан кейін,  басты бағыттың бірі - халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыру жолындағы қағидаттар кеңінен талқыланып жатты. Түрлі баяндамалар да әзірленген. Зерттеулерге қарағанда, денінің сау болуы негізінен әр адамның өз қолында. Яғни, күтінуі мен дұрыс тамақтануында дейді партиялықтар .

Толымбек Ғабділәшімов, «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары:

Партия өзінің алдағы жұмысында да салауатты өмір салтын насихаттауды жалғастырады. Әрине денсаулық сақтау саласында көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Соларды табысты жүзеге асыру үшін біздің партия өз үлесін қосатын болады.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы да үгіт-насихат шараларын  белсенді түрде жүргізуін жалғастырып жатыр. Партия өкілдері бүгін Талдықорған өңіріндегі сайлаушылармен кездесіп, «Есіктен есікке дейін» акциясын ұйымдастырды. Үгіт-насихат парақшалары да жаппай таратылып жатыр.  Мақсат - халық коммунистерінің сайлауалды бағдарламасын әрбір сайлаушыға жеткізу. Бүгінде еліміздің әрбір қаласында партияның сайлауалды ұраны жазылған плакаттар мен билбордттар ілінген. Үгіт-насихат тобы күн сайын коммунистердің сайлауалды тұғырнамасымен таныстыру үшін түрлі шараларды ұйымдастыруда.

Сәуле Бағирова, ҚКХП атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Үгіт-насихат науқаны өтіп жатыр. 20 күн артта қалды. Алда талай  жұмыстар жоспарда. Республикалық штабынан түскен үгіт-насихат өнімдерін түгелдей қолданып жатырмыз күнделікті жұмысымызда.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өкілдері бүгін Тараз халқымен жүздесу өткізді. Жиынға партияның Жамбыл облысындағы бөлімшелерінің өкілдері мен қала тұрғындары келген. Әдеттегідей көпшілікке сайлауалды бағдарламаның бағыттары таныстырылып, жұрттың көкейіндегі бірқатар маңызды тақырыптар көтеріліп жатты. Солардың бірі - жұмыссыздықпен күрес мәселесі. Партия белсенділері жиналғандармен әлеуметтік ахуал жайында да сөз қозғады. Еңбеккерлердің жалақысы мен зейнетақысы, жәрдемақы көлемін ұлғайту мәселесі де айтылды. Айта кету керек, ЖСДП ел Парламентінің Мәжілісіне алдағы сайлауда қатысатындығы туралы өзінің кезектен тыс съезінде мәлімдеген болатын. Партиялық тізім бойынша 23 адам үміткерлер қатарында.

Айдар Әлібаев, ЖСДП сайлауалды штабының жетекшісі:

Біздің ұсыныстарымыздың бірі шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту. Сонымен қатар жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықпен күрес, тұрғындардың жалақысы мен  зейнетақы,  жәрдемақы  көлемін ұлғайту мәселесі бар. Жастармен де жұмыс істеу сырт қалған жоқ. 

Григорий Тен, ЖСДП Жамбыл облыстық филиалының төрағасы: 

Сайлауға дайындық өз деңгейінде өтіп жатыр. Міне, бүгін жиынға 7 ауданнан біздің үйлестірушілерімізбен бірге делегаттар келді. Осылайша, жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

Партияның облыстық штабтарына қажетті үгіт-насихат парақшалары мен басылымдар  толық жеткізілген. Қазір жекелеген аудандарға жеткізу шаралары жүргізіліп жатыр. ЖСДП-лықтар жиынды қорытындылап, партия белсенділері жиналғандарды Парламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға белсене ат салысуға сайлаушыларды шақырып жатты. 

«Бірлік» партиясы үгіт-насихат шарасымен Маңғыстау облысына келіп жетті. Мұнда олар «Ақтау машина жасау зауыты» мекемесінің ұжымымен кездесті. Кәсіпорынның жұмыс барысымен танысқан соң, белсенділер сайлаушылар назарына тұғырнамаларын ұсынды. Бірге талқылап, еңбеккерлердің оған қосып-алары болса, ескерілетіні де айтылып жатты. Әңгіме барысында жалпы еліміздегі нарықтық экономиканың дамуы, әлеуметтік өндіріс пен халықты жұмыспен қамту мәселелері сөз болды. Әлеуметтік саланы дамыту - «Бiрлiк» партиясы ұстанған  басты бағыттың бірі.

Роза Қуанышбаева, «Бірлік» партиясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Елімізде өндірісті дамытуға көптеп көңіл бөлініп отыр. Егер осындай кәсіпорындар мықтап дамыса,  экономикамыз алға жылжып, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосыламыз. «Бірлік» партиясы да осы іске атсалыспақ.

Партиялар арасында жүріп жатқан сайлауалды үгіт-насихат шаралары наурыздың 18-іне дейін жалғасады.

 Құралай ПИОНЕР.