$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мұнайлыда қаңғыбас иттер асыл тұқымды ешкілерді қырып кеткен

AstanaTV
14.08.2024ж. 09:31
486
Мұнайлыда қаңғыбас иттер асыл тұқымды ешкілерді қырып кеткен

Маңғыстауда Мұнайлы ауданы, Батыр ауылдық округіндегі шаруа қожалығының иесі таңғы 4-5-тер шамасында қаңғыбас иттер қорадағы асыл тұқымды ешкілерін қырып кеткенін айтып, жәрдем сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.

Оқиға Батыр ауылындағы Толқын 67 мекенжайында болған. Бейнежазба иесінің сөзінше, қаңғыбас 5 ит қораға кіріп, 26 бас асылтұқымды ешкісі мен 14 бас лағын қырып кеткен. «Бұл асылтұқымды ешкілерді «Нұр капитал» бағдарламасымен несие алып бағып жатыр едім. Сол асыл тұқымды ешкілердің сүтін ауыратын үлкен кісілерге беріп, ірімшік, құрт, қаймақ өнімдерін қайнатып отыр едім. Бір жанұяны бағып отырған ешкілерімді қаңғыбас иттер екі сағатта қырып салды», - дейді кәсіп иесі Құмар Нұрпейісова Mangistau_story парақшасына қалдырған жазбасында.

Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бекболат Қабатбаевтың айтуынша, жануарларды қорғау туралы заң шыққаннан бері бұл бағытта реттеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда зардап шеккен тарапты нақты қолдау шаралары әлі қарастырылмаған. Бүгінде қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары кестеге сай және тұрғындардан түскен өтініштер негізінде жүргізіліп жатыр.

«Әкімдік шаруа қожалықтары мен тұрғындар үшін малды қараусыз қалдырмау, қоршауларды биік ету және тағы да басқа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді Бекболат Қабатбаев.

Сондай-ақ, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі қазіргі уақытта кәсіпкер Құмар Нұрпейісова бизнесін қайта ашып, дамытуы үшін «Бір ауыл бір өнім» бағдарламасына қатыса алатынын айтты.

«Сонымен қатар Нұр капитал бағдарламасы бойынша кредиттің қалған берешегі туралы мәселені қарастырып жатырмыз», - деді Мұнайлы ауданық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бекболат Қабатбаев.