Түркістан облысының Кентау қаласына қарасты 900 гектар аумақты төтенше жағдай аумағы деп танып, тезірек қоршамаса болмайды. Өйтпесе мал мен жанға қауіп төніп тұр деп дабыл қағады кентаулықтар. Жергілікті жұрттың айтуынша, кезінде жер астынан қорғасын мен мырыш өндірілген бұл төңірек ойылып, опырылып барады. Бүгінде бос қалған шахтада Қаратаудан келген су толы. Осы төңіректі экологиялық аймаққа жатқызу мәселесі 12 жылдан бері көтеріліп келеді екен. Тіпті тиісті мамандардың зертеуімен қауіпті екені расталған.
Бақтияр ГАФУРОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қанша біз областной акиматқа, городской акиматқа айттық. Жердің беткі жағы отырып жатыр, провал болып жатыр, адамдар түсіп кетпесін, мал түсіп кетпесін деп қоршау керек.
Айта кетейік, Байылдырдан басталып, Хантағымен шектелетін бұл аумақта бірнеше тұрғын үй, қора-қопсы, тіпті сауықтыру орталығы мен түрлі-түсті металл өңдейтін кәсіпорын да салынып кеткен. Экологиялық аумақта өңірге тіршілік көзін тарататын нысан да бар. Тұрғындар аурудың тым көбейіп кетуіне осындағы мал өлекселерін тастайтын арнайы шұңқырдың да суға толы шахтаға жақын орналасуымен байланыстырады. Бүгінде ол жер жабылды деген аты ғана деп санайды. Ал жергілікті билік өкілдері экологиялық аймаққа өту мәселесі күн тәртібінен түспегенін айтады.
Ғалымжан ТӨЛЕПОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Екі бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Бірінші бағыт – Экология министрлігімен 900 гектарды экологиялық аймаққа кіргізу мәселесі, түсіп кету қаупі бар аймақ деп белгіленген. Екіншісі -Кентау қаласын 4 ауылымен қоса экологиялық аймаққа енгізу бойынша Әлеуметтік қорғау министрлігімен заңға өзгеріс енгізіледі. Енді қазір министрествомен тағы талдау жұмыстарын жасап жатырмыз нақтылап, себебі ол жерде біздің Байылдыр бағытына жолымыз бар ішінде, соның бәрін нақтылап, қорытындысын қайтып беретін болдық. Жалпы қауіп бар.
Жергілікті жұрт экологиялық аймақты ертерек қоршамаса, Майқайыңдағы құзға құлаған қайғылы оқиға қайталануы әбден мүмкін деп қауіптенеді.