$511.22 €540.05 ₽4.73
×

"10 жыл бойы ішімдікке үйір болды". Илья Ильин Алмас Өтешовпен қарым-қатынасы туралы айтты

AstanaTV
19.08.2024ж. 22:11
326
"10 жыл бойы ішімдікке үйір болды". Илья Ильин Алмас Өтешовпен қарым-қатынасы туралы айтты

Қазақстандық зілтемірші Илья Ильин Рахим Ошақбаевқа берген сұхбатында Алмас Өтешовпен қарым-қатынасы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Ол ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы болған Алмас Өтешовпен қарым-қатынасы туралы айтты.

"Алмас - менің досым, кезінде бірге жаттыққанбыз, командада болып, мені қолдаған жандардың бірі. Бір уақытта бәріне қиын болатын сәт болады. Әрине, оның осындай күйге түскені аянышты. 10 жыл бойы ол ішімдікке үйір болды. Көп шындықты айтты. Реніштері де бар, оның жан дүниесіндегі айқайды қоғамның естігенін қалады. Ол қазір клиникада емделіп жатыр. Жағдайы жақсы. Қоғам оған барын берді, көмектесті, бірақ ол көтере алмады. Ешкім одан теріс айналған жоқ. Сондықтан, мені де, оны да халықтың кіналамағанын қалар едім. Ол ақылға келіп, ішімдік ішуден бас тартса - бұл біздің жеңісіміз болар еді. Жақын күндері ем қабылдап болған соң бейнежазбаға түсіріп, жариялайтын боламын", - деді ол. 

Сондай-ақ, Илья Ильин олимпиадалық медальдарды тартып алған сәті жайлы айтып берді.

"28 жасымда олимпиадалық медальдарды тартып алған кезде не істерімді білмедім. Мұндай оқиға бірінші рет болып тұр. Сөйтіп федерациядан заңгер сұрадым. Әрі қарай күрескім келді. Олар қаржыландыруды ұзақ күтті, кейін заңгерлермен көмектесті. Негізі аяғына шейін бармадым, күреспедім. Өзімді құрбан ретінде көрсетіп, аянышты болғым келмейді. Бірақ сол кезде қасымда бағыт беретін мықты адам болмады. Өкінішке орай, жалғыз қалдым. Бәрі де бірауыздан "ой, шыда" дегеннен басқа ештеңе айтпады. Швейцариядағы заңгерлерге де бардым. Бірақ ештеңе істей алмайтынын айтты. Әр күн сайын олимпиадалық медальдарымды қайтарып алудың жолдарын ойлаймын. Жеңілсем де өмір бойы күресіп өтетін шығармын", - деді ол.