$447.14 €499.54 ₽5.46

Дәрігерлер екі баланың ішінен 32 магнит алды

07.11.2026ж. 00:26
Дәрігерлер екі баланың ішінен 32 магнит алды
фото: Алматы облысы әкімдігі

Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында магнит жұтып қойған екі ағайынды балаға операция жасалды, деп хабарлайды Astana TV. 

4 және 7 жастағы балалардың іші ауырған соң ауруханаға жеткізілген. Тексеру кезінде олардың асқазан-ішек жолдарынан бірнеше магнит анықталған. Ақ халаттылар балаларды толық тексеруден кейін ота жасауға шешім қабылдаған. 

«Бөгде зат 4 жасар бүлдіршіннің асқазаны мен аш ішегінің әртүрлі бөлігіне түсіп кеткен екен. Магниттер бір-бірінен алшақ жатса да, бір-біріне тартылып, ішекті қысып тұрған. Білікті мамандар баланың асқазанынан 15 магнит алып шықты. Қалған 14 магнит аш ішектен табылған. Сонымен қатар дәрігерлер ота кезінде баланың ішегінде туабітті кішкентай қалта тәрізді өсіндіні, яғни «Меккель дивертикулын» да алып тастады. Осылайша, бүлдіршіннің ағзасынан барлығы 29 магнит шығарылды.Ал үлкен баланың тоқ ішегінен бір-біріне жабысып қалған 3 магнит табылды», делінген хабарламада.

Облыстық балалар клиникалық ауруханасының хирургі Асқар Қаназовтың айтуынша, балалар магниттерді үйде ойнап жүріп абайсызда жұтып қойған. Қайта ата-анасы дер кезінде жедел жәрдем шақырып, медициналық көмекке жүгінген.

«Бірнеше магнитті жұтып қою баланың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Себебі магниттер ішектің әртүрлі бөліктерінде орналасса да, бір-біріне тартылып, ішекті қысып қалуы мүмкін. Соның салдарынан қан айналымы бұзылып, ішек зақымдануы, тіпті тесіліп кетуі ықтимал. Мұндай жағдайда уақыт жоғалту ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан медициналық көмекке дер кезінде жүгіну өте маңызды. Бұл балалар магниттерді жұтқаннан кейін шамамен 5 сағат өткен соң ауруханаға түсті. Олардың уақтылы жеткізілуі мен медицина мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында қауіптің алдын алдық», деді хирург.

Отадан кейін толық тексеруден өткен екі баланың ағзасынан қосымша магниттер анықталған жоқ, олар 9 күннен кейін үйлеріне шығарылды.