Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Air Astana транссібір бағыты бойынша ұшады. Келістірген кім екен?..

AstanaTV
11.03.2017ж. 20:00
1549
Air Astana транссібір бағыты бойынша ұшады. Келістірген кім екен?..

Ресейде шығатын «Коммерсант» басылымы біздің еліміз бен Ресей әуе қатынасына байланысты дауға орай мәмілеге келген, деп жазды. Астана Мәскеу түбіндегі Жуковский әуежайын «аймақтық» деп таныған, тиісінше, олардан Астана мен Алматыға рейстер көбейеді. /Бұл әуежай Мәскеуден 50 шақырым қашықтықта, басқа мемлекеттер оны мойындай қоймайды/. Сонымен бірге Ресейден бізге қарай тағы бір тасымалдаушы компания шығуына келіскен. Ал Мәскеу біздің Air Astana компаниясына транссібір трассалары бойынша Моңғолияға роялти салығынсыз ұшуға рұқсат берген. 

Демек ресей авиакомпаниялары Астана мен Алматыға Жуковский әуежайынан ұша алады. Ал қазақстандық компанияларға Ұлан Батор мен Токио бағыттарына жол ашылды. "Ъ" басылымының ақпарат көздері Ресей мен Қазақстан арасындағы бағыттар бойынша екі тасымалдаушыдан шығаруға келіскендерін айтқан. Тағы бір айтатын нәрсе – ресейлік авиакомпаниялар ғана ұшатын Байқоңырға Астана мен Алматыдан қазақстандық әуекомпаниялар да сапарлай алмақ.

Екі мемлекет арасындағы әуе тасымалына байланысты проблема өткір тұрған. Бір жыл бұрын Мәскеу Air Astana-ны Моңғолияға ұшырмай тастаған. Роялти төлеуді талап етіп. Ресей транссібір бағыттарымен ұшатын шетелдік компаниялардан алатын салықты қазақстандық компанияға салмаса, «прецедент туғызамыз» деп қорыққан. Басқалар да салық төлемеу жолдарын қарастырады деген үрей. Айта кететіні, Air Astana ресей талабының негізсіз екенін бірден мәлімдеген – себебі бағыт Азиядан басталып, Азиядан аяқталады. Ал Қытай арқылы ұшу қымбатырақ. Бұл жердебелгілі қаржыгер Айдан Кәрібжановтың Facebookтегі жазбасын келтіргім келеді, ЦИТАТА: Air Astana Моңғолияға қосымша салықсыз ұшуға қол жеткізгеннен кейін, Питер Фостерді біздің керемет Еуразиялық экономикалық одақ аясында басты келіссөз жүргізуші етіп тағайындау керек шығар. Мысалы, негізгі қызметіне қоса, вице-премьер етіп қойса. Ол келіссөздерді қалай жүргізуге болатынын білетін сияқты.

Орталық Азияда – біз сияқты мемлекетте жемісті бизнес жүргізген Фостерді Британия патшайымы Елизавета ІІ «британ авиациясы алдындағы Қазақстандағы қызметі үшін» деп, орденмен марапаттаған. Air Astana басшысы Фостер расында білікті маманға ұқсайды. Ал соңғы уақытта компания ұшақтарынан бірнеше рет техникалық ақаулардың шығуы әрине, жақсы емес. Бірақ ұшақтардағы адамдардың аман-есен қонуы – маңыздырақ. Маман пікірі:

Мақаш Әбішев, бұрынғы пилот, авиация бойынша маман:

Сіздер, журналистер, айғайлап шығасыздар, ой, қозғалтқышы істен шығыпты деп. Иә, не болыпты, сонша? Екінші қозғалтқышы бар. Талап мынадай – екі қозғалтқыш болады, бірі істен шықса, екіншісі ауыстырады. Екі пилот болады – бірі өзін нашар сезінсе, басқаруды екіншісі қолына алады. Барлық приборлар екеуден. Командирдің алдындағы приборлар, екінші ұшқыштың алдында да тұрады. Сондықтан даурығу деген... Қараңыз, жолдарда  күнде дерлік қаншама апат болып жатады. Жаңа сізге интервью беруге келе жатқанымда бір қызды қағып кеткенін көрдім.   

Ал әңгімелеп отырған мәмілеге байланысты"Ъ" басылымы «Ресей ТМД аясындағы әуе кеңістігін басқару тетігінен айырылып қалды» деген пікірді де, «Жуковский әуежайын «аймақтық» деп танытып, жаңа бағыттарға қол жеткізу үлкен пайда» деген пікірді де келтіріпті...