Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Балықшылар алаңдайды. Браконьерлер сайрандайды.

AstanaTV
11.03.2017ж. 20:00
2267
Балықшылар алаңдайды. Браконьерлер сайрандайды.

Балықшылар алаңдап отыр. «Форбс.кз» порталының жазуына қарағанда ақпан айының ортасына бері балық аулау лимиті бекітілмеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітпеген. Немесе жарияламай отыр. Оған қоса, өндірістік квота қысқаруы мүмкін. Ал бұл, ірі кәсіпорындарды банкротқа жақындатады, дейді басылым. Мәселенің екінші жағы бар – мысалы, Атырау облысының әкімі браконьерлердің ешнәрседен, ешкімнен қорықпайтынын, керісінше, жұртты қорқытып-үркітетіндерін айтады. Осы аптада облыстық прокуруратурада өткен үйлестіру кеңесінің жиналысында ол, браконьерлерге құқық қорғау органдарының жетекшілері, әкімдік өкілдері «аға» болып жүретіні туралы сигнал алатынын, «ағалардың» «інілеріне» 3-4 қайық беріп қойып, тиіспейтінін айтты. Жиналыста кәсіпкерлер ресейлік балықшылардың заңсыз әрекеттеріне де шағымданды. Олар атыраулық кооперативтерге жалданып жұмыс істейді екен. Субподрядқа. Былтыр астраханьдық 30-40 қайық жүрген. Биыл да қайталанады, деді, кәсіпкерлер... Әкімнің «қорқыту» туралы әңгімесіне оралсақ, Н.Ноғаев «браконьерлікпен күресті күшейткесін, маған Facebookте жарияланған комментарийді көрсетті – «иә, әкімдік дұрыс жасап жатыр, бастысы, Ноғаевты Орал өзеніне батырмаса болғаны», - деп жазылған, бұл да қорқыту», - деді. 

Өндірістік көлемде балық аулау, бірақ экологиялық тепе-теңдікті сақтау. Бұл бізде шешілген бе? Жоқ, әрине. Жағдай қалай? Айжан Қуаштың шолуы.   

Қазақстандағы балық аулаушы кәсіпорындар банкротқа ұшырауы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл балық аулауға берілетін лимитке әлі қол қоймаған. Мұнымен қоса, өндірістік квоталар 2 есеге қысқарады,- деген әңгіме бар. Қарағанды облысындағы атақты «БалқашБалық» серіктестігінің басшысы forbes.kz басылымына осындай сұхбат берді. Цитата:

Ахат Құспаев, Қарағанды облысы «Балқашбалық» ЖШС директоры:

Ауланатын балық көлемін аграрлық ведомство жылда 15-інші ақпанға дейін бекітетін.Содан соң балық аулаушылардың қоғамдық бірлестіктері табиғат пайдаланушыларға лимиттер бөліп беретін. Балық шаруашылығының ғылыми зерттеу институты өткен жылы ғылыми болжам жасап, экологиялық сараптама жүргізіп,онымен орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті келіскен. Міне, наурыз айының ортасы болып қалды, бірақ министр құжатқа әлі қол қойған жоқ.

 «Балқашбалық» кеңестік кезеңнен бері ірі шаруашылық ретінде белгілі.Кезінде көлден жылына 17 мың тонна балық ауланған. Ол уақытта өнімдер шартарапқа  жөнелтілген. Қазақстан бүкіл одақ бойынша балық шаруашылығынан 3-інші орында тұрды. Қазір бұл кәсіп жылдан-жылға тұралап барады. forbes.kz  басылымы «Шикізат базасының тағы да қысқаруын кәсіпорын көтере алмайды»,- деп жазды. Цитата:

Ахат Құспаев, Қарағанды облысы «Балқашбалық» ЖШС директоры:

Өткен жылы бізге берілген квота 1200 тонна болатын. Оны екі есеге қысқартса,500-600 тоннамен күн көре алмаймыз. Біз де басқа да ірі өндірістер секілді жабыламыз.

Ал, Шығысқазақстандық балықшылар Зайсан көліндегі көксеркеге лимит азаяды дегенді естіп, премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа хат жазды. Тұрғындардың айтуынша, олардың жылдық табыстары 1140тоннадан 500 тоннаға қысқаруы мүмкін. Бұл жағалаудағы кенттердің 25 мың тұрғыны далада қалады деген сөз. Балық өндіруші зауыттар несие алып, шағын өндіруші цехтар ашқан.Өнімдерін Германия, Франция секілді Еуропа елдеріне өткізетін. Егер лимит азайса, балықшылар шетелге өнім шығара алмайды. Балық аулауды шектеу, браконьерлікті өршітеді,-дейді олар.

Арман  Есентаев, ШҚО Табиғи ресурстар басқармасы жануарлар әлемін қорғау бөлімінің жетекшісі:

Лимиттің қысқаруынан әрине,балық өндірушілер ұтылады. Өйткені,олардың келісімшартары бар. Балықпен күн көріп отырған халық та жапа шегеді. Мемлекетке де шығын келеді. Адамдар бәрібір балық аулауын тоқтатпайды. Яғни браконьерлер көбейеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, табиғи суқоймалардан балықшыларға жылына 60-65 тонна аулауға рұқсат беріп келген.Алайда, өзен-көлдерде популяция азайғандықтан, әрі берілген лимит игерілмегендіктен оған шектеу қойылғанын растады. Яғни лимит шынында да қысқарған. Ауыл шаруашылығы министрі оған қол қойғанын біз кеше ғана анықтадық. Бірақ әлі жарияланбаған.

Нариман Жүнісов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі балық ресурстарын қалпына келтіру басқармасының жетекшісі:

Біз ол лимиттерді бекіттік.Расында да олардың көлемі былтырғы жылдан аз. Себебі соңғы он жылда министрліктен берілген лимиттерді балық аулаушылар толық игере алмады. 70 пайызын игереді, қалған 30 пайызы қалады. Сондықтан белгіленген лимиттер оларға жеткілікті. Ал, нақты қаншаға қысқарғаны құжатты жариялаған соң белгілі болады. Әділет министрлігіне тіркеген соң жариялаймыз.

Министрлік балық шаруашылығын дамытудың жаңа бағытына бет бұрған. Бұдан былай балық аулаудан,балық өсіруге көшеді.

Осы бағытта 5 жылдық бағдарламаның жобасын дайындап жатыр.Тіпті, министрлік балық өсіріп, одан өнім өндіретін кәсіпорындарға 30-40 пайызға дейін субсидия бөлінетінін айтты. Ведомство осылайша Қазақстан тауарын шетелге сатуды жоспарлап отыр. Соңғы жылдары экспорт көлемі бірнеше есеге ұлғайған.

Аян Бақиянов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасының жетекшісі:

Біздің балықтар ЕуроОдақтағы мемлекеттерге, Германия, Польша, Дания, Франция, Балтық жағалауы елдерінде сатылады. Яғни сыртқы нарықта бәсекеге бірталай қабылетті. Енді Қытайға да шығарамыз деген жоспар бар.

Осы бағытта Қарағанды облысында «Қарағанды бекіре» серіктестігі жұмыс істейді.Шағын шаруашылық сібір бекіресін өсіреді. Жылына 45 тонна өнім шығарады.Қазақстанда бүгінде осылай, балық өсіріп, өндірумен айналысатын 60 кәсіпорын бар.

Алайда қарағандылық экологтар министрліктің жаңа саясатын «ауырдың астымен,жеңілдің үстімен» жүру деп бағалады. Олардың айтуынша,бір ғана Балқаш көлінің маңы 500 тонна органикалық жағынан берік зиянкестермен ластанған. 10 жыл бұрын қауіпті ошақты экологтар анықтап, кейін құзыретті мекемелер оның 70 пайызын ғана жойған. Металлургиялық зауыт қалдықтары толық аршылмаған. Оның үстіне экологтар Балқаш көлінің 50 см-ге тартылғанын анықтаған. Салдарынан, жағадағы қоректер - балдырлар мен ұсақ шабақтар жойылған. Бұл көлдегі балықтар өсімін күрт азайтады. Ал, экологиясы нашар жерде балық құриды,-дейді мамандар.

Юрий Калмыков, Қарағанды қаласы «ЭкоМұражай» ҚБ директоры:

Балық үшін көлдің тереңдігі емес,аумағы маңызды. Су тартылса, балықтар жағадағы жылыжайлары,ресурстарынан айырылады. Оның үстіне жағадан 100-ақ метр жерде жатқан мыс қалдықтарынан уланады. Мұның бәрін тазалауға бағытталған арнайы мемлкеттік бағдарлама керек. Суды қытайдың арзан торлары да ластап жатыр.Олар үзіліп,шатасып қалса, ешкім іздеп жатпайды. Жыл сайын екі сағаттық акция кезінде 1 куб метр тор жинап аламыз. Қаншама балық осы тұзаққа түсіп,шыға алмай қырылып жатыр. Яғни не экологиясы жақсармады, не браконьерлермен күресе алмадық. Ақыры, балықты жасанды жолмен өсіруді жөн көрдік деген сөз.

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:

Мне показали комментарий под статьей в Facebook, где было написано: Да, акимат движется в правильном направлении, главное, чтобы Ногаева не утопили в реке Урал.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев браконьерлердің сайрандап жүргендерін жақсы біледі екен. Өңірде заңсыз балық аулау өршіген. Аймақтағы су полициясы жанар –жағармайға 10 млн теңге жұсап, небәрі 700 мың теңге шығын әкелген қылмыскерлерді ұстаған.

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:

Егер жасанды түрде кімде-кім браконьерлікті қолдай отырып,заңсыз балық өнімдерін өндіруге кедергі келтіретін болса, лауазымына, шеніне, басқа да ерекшеліктеріне қарамай,қолданыстағы заңның аясында өздеріне жауап береді.

Владимир Малахов, Атырау облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:

Жоғары техникалық жабдықтармен  қамтылғанына қарамастан  судағы бөлім 4-ақ қылмысты ашқан.  Осылайша 1 тонна қара балық, 107 келі бекіре тұқымдас балық және 700 грамм  уылдырық тәркіленді.  Бір де бір қылмыстық топ  ашылмады. Жалпы облыстағы  броконьерлікпен күрес бөлімдері былтыр бар болғаны 4 келі қара уылдырық тәркіледі. Ал  мемлекеттің кіріс департаменті жыл басынан бері 11 келі уылдырық тәркіледі.

Айжан Қуаш, тілші:

Көпшіліктің пікірінше, балық аулауға лимитті қысқарту браконьерлікті тіпті өршіте түседі. Көлеңкелі бизнес ұлғаяды. Нанын балықтан тауып отырған халық та балық ауламай қоймайды. Ал, бұл жануарлар дүниесінің экологиясын одан бетер бұзады. Сондықтан тығырықтан шығар жол - балық өсірумен айналысу ғана емес сияқты. Ал егер шенеуніктер тек сол жолмен ғана жүрсе, «суға батырып жіберер» деп, проблема айтатын адам қалмас.

Айжан Қуаш, «Біздің уақыт».