$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды

22.08.2024ж. 20:00
368
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды. Оны Душанбе әуежайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қарсы алды.

Онан кейін Тоқаевты "Қасри Миллат" сарайында қарсы алу шарасы өтті. Мемлекет басшысының құрметіне зеңбіректен 21 рет оқ атылды. Мұнан соң Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Ақ залға өтіп, шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты серіктестігінің берік негізі саналатын жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулерге баса мән беретінін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ең алдымен, ежелгі тәжік жеріне табаным тиген сәттен бастап көрсеткен сый-құрметіңіз бен қонақжайлық көңіліңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақстан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жоғары бағалайды.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.

Эмомали РАХМОН,ТӘЖІКСТАН ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәжікстанға қош келдіңіз! Елімізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымыз. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін беретініне сенімдімін. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастығымыз қарқынды дамып келеді. Сізбен екі ел ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективасын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға әзірмін.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары салаларындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Тәжікстан экономикасын дамытуға тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары қарастырылды.