Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Әлеуметтік желідегі жазбасынан соң алматылық бойжеткенге қатысты дау үдеп барады

AstanaTV
14.03.2017ж. 20:00
2463
Әлеуметтік желідегі жазбасынан соң алматылық бойжеткенге қатысты дау үдеп барады

Әлеуметтік желідегі жазбасынан соң басы дауға қалған алматылық бойжеткенге қатысты дау үдеп барады. «Жүргізуші куәлігін әкем сатып әперді» деп мақтанған қыздың әрекетін Қазнет әлі де қызу талқылап жатыр. Ал жас қызға жүргізуші куәлігін берген Алматы облысының полициясы сыбайлас жемқорлық белгілерінің жоқтығын дәлелдейтін бейнежазбаларды ғаламторға жүктеді. Жазбаға оның әкесі де түсініктеме берген. Тараптар бұл даудың нүктесін жақын күндері Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті қояды деп үміттеніп отыр.  

Бір сәтте тырнақшадағы «жұлдызға» айналған Әйгерім Фазылова мына бейнежазбада көлік тізгіндеп келеді. Жаз мезгілі екені анық көрініп тұр. Ал, бойжеткеннің жүргізуші куәлігін биыл 11 наурызда «сатып алғанын» ескерсек, оның заңсыз көлік жүргізгенін аңғару қиын емес. Қыздың әкесі көліктің рөлінде отырған Әйгерім екенін растады, тек ол  шетелде жалға алынған көлік болатын, дейді.

Жамбыл Фазылов, Ә. Фазылованың әкесі:

Біз бұл мәселеге байланысты түсініктеме бердік, кешірім сұрадық. Қызым жүргізуші куәлігін заңды жолмен алғанын дәлелдейтін бейнетаспа бар, ол тиісті органдарда тіркелген. Куәлік алар кезінде баж салығын кассаға төледік, қызым сондықтан сатып алды деп түсінсе керек.

Әлеуметтік желіде мақтанған қыздың әкесі айтып отырған бейнежазба мынау болуы мүмкін. Алматы облыстық әкімшілік полиция қызметі ғаламторға бірнеше бейнетүсірілімді жүктеген. Ол жерде Әйгерімнің компьютер алдында емтихан тапсырып отырғаны және полиция инспекторының бақылауымен көлік айдап жүргені бейнеленген. Алайда мамандар  бұл жазбаның шындыққа жанаспайтынын айтып үлгерді

Мая Мамедова, автомектеп директоры:

Егер бұл шынымен емтихан болса, ондай сынақтар Халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізіледі. Арнайы жарақтандырылған алаңда  жол белгілері, бағдаршам, тіпті темір жол өткелі де көрсетілген. Бұл жерде оның біреуі де жоқЖәй қызға көлік айдап үйретіп жүрген көрініске ұқсап тұр

Жамбыл Фазылов қызының қай автомектепте теориялық білім алғанын айтпады. Қазіргі заң талаптары бойынша кез-келген адам жол ережесін өз бетінше жаттап, емтихан тапсыруға құқылы. Ішкі істер министрлігі әкімшілк полициясы комитетінің дерегінше, Әйгерім екі рет сынаққа кіріп, өз бетімен тиісті жүргізуші куәлігін алған

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:

Емтиханды бірінше ретте тапсыра алмаса, бір аптадан соң тапсыра алады. Егер үш рет тапсыра  алмаса, ол үміткер тек 6 айдан кейін барып қайта тапсыруға жіберілетін болады

Автомектеп мамандары да, әкімшілік полиция өкілдері де 2016 жылы қабылданған өздігінен оқып, жүргізуші куәлігіне сынақ тапсыру үрдісін қолдап отырған жоқ. «Жол жүру ережелері» туралы заңға толықтырулер мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қазір Парламентте қайта қаралып жатыр. Былтырдан бері елімізде 6,5 мың адам осы әдіспен жүргізуші куәлігін алмақ болған. Олардың үштен бірі ғана сынақтан сүрінбей өтіпті.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ