Оралдағы сұлулық салонында көз
жұмған келіншектің өліміне қатысы бар деген күдікпен мәскеулік косметолог
қамауға алынды. Қазір тергеу амалдары жүргізіле бастады. Ал сұлулық салоны
қазір де жұмыс істеп тұр. Мұнда 39 жастағы келіншек салынған уколдан соң тілге
келмей қайтыс болған. Кейін қатерлі уколды Мәскеуден арнайы шақыртылған
маманның жасағаны анықталды. Ал дәрігерлер қолдан келгенінің барлығын жасадық,-
деп отыр.
Флюра Саматова, БҚО денсаулық
сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
Жедел жәрдем қызметі оқиға
орнына 5 минутта жетті, дегенмен, азаматша дәрігерлер келгенше қайтыс болып
кетті. Жасалған реанимациялық шаралар да нәтижесін берген жоқ. Мамандар
организмнің енгізілген бөгде затты қабылдамай, осының кесірінен анафилактикалық
шок болуы мүмкін деп отыр. Өйткені әйел адам жасалған уколдан кейін көгеріп,
халі бірден нашарлап кетті.
Мәскеулік косметологты
полицейлер сол күні қамауға алып, тергеу амалдарын бастап кетті. Айта кетелік,
сұлулық салоны облыстық мемлекеттік кіріс департаменті бастығының орынбасарының
жұбайына тиесілі екендігі, ал көз жұмған келіншектің аталмыш департамент
басшысының зайыбы екендігі анықталды. Марқұмның артында үш баласы қалды.
Асылай Ғұбашева, БҚО ІІД
баспасөз қызметкері:
Аталған факті бойынша
косметологқа қатысты ҚР ҚК 317-бабы 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті азаматша ұсталды, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Еркін КАРИН