Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қарағанды облыстық туберкулезге қарсы диспансерде өрескел заң бұзушылықтар анықталды

AstanaTV
29.03.2016ж. 20:00
1919
Қарағанды облыстық туберкулезге қарсы диспансерде өрескел заң бұзушылықтар анықталды

Қарағандылық прокурорлар облыстық туберкулезге қарсы диспансердегі өрескел заң бұзушылықтардың бетін ашты. Ақ халаттылар емделуден қашқан 27 адамды бостандыққа жібергенімен қоймай, қолданылған медициналық қалдықтарды ашық алаңға лақтырып отырған.

Мына суреттер прокурорлық тексеріс кезінде түсірілген. Науқастарға қолданылған инелер мен маскалар аулада шашылып жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелерге сәйкес олар арнайы қоршалған жабық алаңда сақталуы тиіс. Ал таза маскалар науқастардың киімдері тұратын қоймада сақталған.

Сондай-ақ Жезқазған, Балқаш қалаларындағы туберкулезге қарсы балалар санаторийларында құрт ауруына еш қатысы жоқ 18 баланың сауықтыру курсынан өткені анықталды. Оларға жұмсалған бюджет қаржысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеріп жатыр. Қарағандылық ақ халаттылар ерікті түрде емделуден бас тартқан 27 адамды да дер кезінде ауруханаға жатқыза алмаған. Қалыптасқан жайтқа кінәлі 25 ақ халаттының төртеуі тәртіптік,17-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Бауыржан Мағжан, Қарағанды облыстық прокуратурасы бірінші басқармасы бастығының орынбасары:

Емдеуден қашқан 27 тұлғаға ешқандай шара қолданылмаған. Мәжбүрлеп емдеу шаралары қолданылмаған. Оның ішінде 2 тұлға туберкулездің ашық түрімен ауырады. Қазір мекеме заңға жүгініп, жаңағы адамдарға сот арқылы тиісті шара қолданылып, мәжбүрлі емдеуге жіберіліп жатыр.  

Облыстық туберкулезге қарсы диспансер басшылығы, мәжбүрлі түрде емделетіндердің төлқұжаттары мен тұрақты мекен-жайлары болмағандықтан, дер кезінде ауруханаға жатқызу қиын екенін алға тартады. Ақ халаттылар оларды ішкі істер қызметкерлерімен бірге іздеп әрең тапқан. Бүгінде Ресейге көшіп кеткен 4 науқастан басқасы ем қабылдап жатқанын айтты. Диспансер қызметкерлері қолданылған заттарды жинастырып жатқандарын жеткізді.

Ноян Бидайбаев, Қарағанды облыстық туберкулезға қарсы диспансер директоры:

Бізде 6 жүздей адам жатыр. 70 пайызы нашақорлар, маскүнемдер, абақтыдан шыққандар. Оларға туыстары келеді. Олар қолданған затттарын, маскасын тастап кеткен болар. Біздің қызметкерлердің кінәсі жоқ. Біздің кінәміз - қоқыстарды қоршамадық. Қазір олардың бәрін қоршадық.

Айжан ҚУАШ