Иә, кез-келген ауруды алдын-алудың бірден-бір жолы - вакцина. Қазір әлемде түрлі вирус тарап жатыр. АҚШ-тың Массачусетс штатында масалардан жұғатын қауіпті ауру өршіді. Бұл ауру Бостон қаласының 80 жастағы тұрғынынан табылған. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Аружан Задабектен сұрайық көрейік. Әріптес, қауіпті аурудың таралуын тоқтату үшін жергілікті билік қандай шара қолданып жатыр?
Қайырлы кеш, Бекболат! Құрметті көрермен, «Жер-жаһан» айдарының бүгінгі санында әріптесімді алаңдатқан осы сауалға жауап іздейміз. Сонымен, АҚШ-та тараған вирус «шығыс жылқы энцефалитеті» деп аталады екен. Атауы қалай қиын болса, таралуы соншалықты жеңіл. Қауіпті ауруды тоқтату үшін бірнеше ереже енгізілді. Алдымен ашық ауада іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Кешке саябақтар мүлде жұмыс істемейді. Өзге адамдармен жақын қарым-қатынаста болуға тыйым салынған. Бұл бізге белгілісі ғана. Дәрігерлер өлімге әкелетін сирек жұқпалы вирустың тарауын ғаламдық жылыну құбылысы тездете түскен, - дейді.
Жапонияға жойқын тайфун жақындап келеді. Қазірдің өзінде 230-дан астам рейс тоқтатылған. Синоптиктер «бүгін дауыл ерекше күшейеді», – дейді. Сондықтан билік тұрғындарға «қауіпсіз жерге көшуге дайын болыңыздар», – деп ескертті.
СТУДЕНТ:
Біз мерекеде үйімізге қайту керек едік. Бізде демалыс. Бірақ пойыз, самолеттердің қозғалысы тоқтады. Не істерімізді білмейміз. Расымен, қиын.
Суданда да жағдай мәз емес. Алдымен мына видеоға назар салайық. Толассыз жауған нөсерден су қоймасы жарылып, 30 адам қаза тапты. 50 мың тұрғын баспанасыз қалды. Апат болған су бөгеті 500 мыңнан аса халқы бар Порт-Судан қаласы үшін негізгі тіршілік көзі саналады. Енді қарулы қақтығыс кесірінен инфрақұрылымы бүлінген мемлекет үшін, бұл оқиға жығылғанға жұдырық болды.
ХАБИБУЛЛА ОМАР, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Жергілікті тұрғындардың үйлерін су басып жатқанын білгенде біз өз міндетімізді орындау үшін тез арада келдік. Көз жұмғандар болды. Оларды жерлеу де біздің мойнымызда болды. Мынау біз жерлеп жатқан алтыншы мәйіт.
Ал Таиландта лай көшкіні салдарынан 22 адам қайтыс болды. 30 мыңнан аса отбасы үй-жайын тастап, қауіпсіз жерге көшірілген. Қазір елдің солтүстігіндегі 5 провинцияда нөсер толастамай тұр. Билік тағы 30-дан аса өңірде ескерту жариялады.
МҰҒАЛІМ:
Оқу материалдары, оқушылардың парталары зақымдалды. Су тасқыны жыл сайын болады. Мәселен, биыл 4 рет су тасыды. Бірақ дәл осылай емес. Осы жолы өте қатты болды.
Кез-келген мемлекетте апаттан зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Осы тұста әлеуметтік төлемдер бойынша әр елдің ерекшелігіне тоқталғым келіп тұр.
Германияда жұмыс таба алмай жүрген отбасы жәрдемақыға өтініш білдіре алады. Мақұлданса, 1 адам айына 400 еуро шамасында төлем алады. Ал, Біріккен Араб Әмірліктерінде жаңа туған балаға мемлекет тарапынан сыйақы қарастырылған. Осылайша, жас отбасыларды балалы болуға ынталандырады. Бұдан бөлек, жастар үйлену тойына дейін елдің неке қорынан пайызсыз несие ала алады. Отбасында нәресте дүниеге келсе, әлгі несие автоматты түрде өтелген болып есептеледі. Швейцариядағы мына қызық дерекке назар аударыңыз. Мұнда декрет тек төрт айға беріледі. Осы уақытта әйелдің соңғы 1,5 жылда алған орташа жалақысы төленеді.