$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Биыл Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл

29.08.2024ж. 20:00
635
Биыл Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл

Биыл Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл. Осыған орай сала қызметкерлері бүгін құрметке бөленіп, Ақорданың төріндегі салтанатты шараның куәсі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оларды мерейтоймен құттықтап, өнімді еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сондай-ақ мемлекет басшысы аталған секторда алдағы уақытта атқарылуы тиіс бірқатар міндетке тоқталды. 

Еңбегі еленіп, марапатқа ие болып жатқан азаматтардың қатарында Майлыбай Өтебаев бар. Мамандығы – бұрғышы. Ардагер аталмыш салада 48 жыл қажырлы қызмет еткен.

МАЙЛЫБАЙ ӨТЕБАЕВ, МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Ардагер мұнайшылардың, қарапайым жұмысшылардың еңбегін жоғары бағалап, мемлекеттік наградалар бергеніңіз үшін көп-көп рақмет айтамын, Қасым-Жомарт Кемелұлы. Егеменді елдің, тәуелсіз Қазақстанның өркендеп-өсуіне қажырлы қызмет жасап жатырсыз. Сол үшін ардагерлердің атынан сізге табыс тілеймін. Аман болыңыз, сау болыңыз. Мұнайшылар, мерекелеріңіз құтты болсын!

Қазақстанның мұнай өнеркәсібі өзіндік тарихы мен дәстүрі бар сала. Заманға сай дамып жатқан өндіріске күннен күнге инновациялық технологиялар енгізілуде. Экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасты. Елімізде мұнай өндірумен қатар оны өңдеу жұмысы жолға қойылған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бәріңізге мәлім, қазақ мұнайы ғасырлар тоғысында алғаш рет Атырау аймағынан алынды. Содан бері бұл сала ел экономикасында айрықша рөл атқарып келеді. Халқымыз да мұнайды «қара алтын» деп атайды. Дүние жүзінің өркендеу жолы энергетика ресурстарымен тығыз байланысты болды. Ғылым мен технологияның дамуына қуат көздері ерекше ықпал етті. Осы үрдіске қазақ жеріндегі қара алтын өндірісі де мол үлес қосқаны сөзсіз.

Мемлекет басшысы мұнай өнеркәсібінің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан беделді геологтардың еңбегін ерекше атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Геологтарымыз көптеген кен орнын ашты. Сафи Өтебаев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Бөлекбай Сағынғалиев бастаған мамандар кеніштерді ел игілігіне жаратты. Олардың тағылымды еңбек жолы әрдайым жас ұрпаққа үлгі болары анық. Аға буынның өнегелі ісін кейінгі ұрпақ лайықты жалғастыруда. Бұл салада тұтас еңбек династиялары бар, яғни, қара алтын өндірісі бүгінде мұнайлы аймақтың ата кәсібіне айналды.

Бүгінде жетекші әлемдік мұнай-газ корпорациялары елімізде аталған саланы дамытуға айрықша ықпал етіп отыр. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеру, Каспий құбыр желісі консорциумы жобасын іске асыру – мемлекет пен инвесторлар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз өңделу деңгейі жоғары өнім шығару мүмкіндігімізді еселей түсуіміз керек. Мұнай-газ – еліміздегі орта бизнесті дамыту тетіктерінің біріне айналуға тиіс. Бұл – ауқымы кең сала. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет кешенді шаралар қабылдап жатыр. Аталған секторда қызмет ететін ірі кәсіпорындар отандық кәсіпкерлердің өнімдерін өз қажетіне жаратуға басымдық бере отырып, жергілікті үлесті кезең-кезеңімен арттыра беруі қажет.

Президент мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне озық технологияларды белсенді енгізу қажет екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ғылыми-технологиялық прогресс әлемдік мұнай-газ саласын дамытуда айрықша рөл атқарады. Бұрын-соңды болмаған халықаралық тұрақсыздық жағдайында экспорттық бағыттарды одан әрі әртараптандыру – басты міндет. Мұнай-газ химиясының да келешегі зор.

Мұнай мен газ - еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі. Қазір бұл салада 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді.