$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Өзбекстан Президенті Астанаға келеді. Орталық Азия одақтаса ма?

AstanaTV
18.03.2017ж. 20:00
2258
Өзбекстан Президенті Астанаға келеді. Орталық Азия одақтаса ма?

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 22-23 наурызда Астанаға келеді. Еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов мәлімдеді. Бұл арнайы тоқталатын тақырып.  

6-7 наурызда Өзбекстан президенті өзінің шетелдік ресми сапарын Түркіменстаннан бастады. Өзбекстан басшысы Наурыз мерекесінде Қазақстанға сапарлап, содан кейін Ресейге барады деп хабарланған. Былтыр күзде Ислам Каримов қайтыс болғанда Ресей президенті Тәшкенге барып, көңіл айтып, өздерінің «айнымас дос» екендерін дәлелдеуге тырысқан. Мұны «бір» деңіз. Екіншіден, жаңадан тағайындалған мемлекет басшысының алғашқы ресми сапарын қай елге жасайтыны маңызды. Бұл елдің басымдық беретін бағытына нұсқайтын штрих. Ресей саясаттанушылары Шавкат Мирзиеев алдымен Мәскеуге сапарлайды деп пішкен. Алайда Өзбек президенті «тонды басқаша пішті».      

Расул Жұмалы, саясаттанушы: 

Сапарды көршілес мемлекеттерге жасап отырғанының себебі – сыртқы саясатта, сыртқы саудада басымдықты көршілеріне беретіні. Бұл құптарлық жағдай. Бұл Өзбекстанның өз мүддесі тұрғысынан да, аймақтың өзге мемлекеттері тұрғысынан алып қарайтын болса да. Себебі біз бауырлас, түбіміз бір бола тұра соңғы 25-30 жылда арамыз бірталай үзіліп қалған. Оның орнын алауыздық басқан. Сауда айналымы мысалы, 5 пайыздан аспайды. Өте төмен көрсеткіш. Қандай да бір мәдени-ақпараттық байланыстар мүлде жоқ. Біздің сыртқы күштерге бағынышты болуымыздың бірден бір алғышарты және оны болдырмаудың жолы кеш те болса, аймақ елдерінің бірігуі. 

Ш.Мирзиеевтің Ашғабат сапарынан бір-екі деталь. Өзбекстан мен Түркіменстанның қарапайым азаматтарының барыс-келісіне ыңғайлы болу үшін араларындағы визалық тәртіп алып тасталмаса да, Орталық Азия елдері арасындағы дүрдараздық - шекара, су-энергетика, газ мәселелері бойынша, жойыла ма,- деген үміт отын жағады. Себебі маңызды көп нәрсе талқыланған. Ынтымақтаса тіршілік ету туралы өздері қанша айтса да, сыртқы күштердің ықпалында кеткен мемлекеттер үшін тағы бір мүмкіндік туып тұрған сияқты.  

Расул Жұмалы, саясаттанушы: 

Сыртқы күштерге Орталық Азияның біртұтас, мызғымас болғаны керек емес. Мейлінше ыдыраған, мейлінше бірімен бірі қырқысқан, сол арқылы әлсіз, сыртқы күштердің айтқанымен жүретін осындай Орталық Азия керек. Көп мәселе элиталарға байланысты. Сенім артылып отырған – Қазақстан. Себебі басқа мемлекеттермен салыстырғанда әлеуеті де зор, экономикалық құдіретін зор. Қаншалықты Астана Тәшкеннен түсіп отырған мүмкіндіктерді қолдай алады, бауырластық саясат жүргізе алады... аймақтың тыныс-тіршілігі үшін маңызды.