$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жұмыссыз адамдарға 18 млн теңге несие беріледі

AstanaTV
27.03.2017ж. 20:00
5493
Жұмыссыз адамдарға 18 млн теңге несие беріледі

Жұмыссыз азаматтар 18 млн теңгеге дейін несие алып, өз ісін бастай алады. Үкімет қолға алған жаңа бағдарлама осындай мүмкіндік беріп отыр. Қаржыны банктерден алу жолдары барынша жеңілдетілген. Ол үшін қойылатын кепілзаттың жартысынан көбін мемлекет өз мойнына алмақ. Ал қаражат тек кәсіпкерлік қабілеті бар адамдарға берілмек. Жаңа бағдарлама Мәжілістегі Үкімет сағатында таныстырылды. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Жаппай кәсіпкерлік және нәтижелі жұмыспен қамту. Биылдан бастап іске қосылған жаңа бағдарлама. Бұған дейін болған "Еңбекпен қамту 2020" бағдарламасы өзінің тиімсіздігін көрсетіп, орта жолдан тоқтатылды. Неге дейсіз? Өйткені онда жұмыспен қамту тек қана маусымдық науқан болып қалды. Мәселен, жұмыс сұрап барғандар құрылыс сияқты, тағы басқа да қара жұмысқа ғана тартылды. Ол тоқтаса, қайта нәпақасыз қалды. Ал, жаңа бағдарлама халықты жаппай өз кәсібін ашуға ынталандырмақ. Қалайша?

Шағын несие ретінде 7 жылға 6%-бен 8 мың АЕК көлемінде қаражат беріледі. Қазір ол 18 млн теңге. Жыл сайын қалаларға 10 млрд6 елді мекендерге 27 млрд бөлінеді. Басты жаңалық, кәсібін жаңа бастағандар үшін, қаражаттың 85%-на мемлекет өзі кепіл болады. Яғни банктен несие алуға кепілзат жоқ дейтін проблеманы осылай шешу көзделген. Қаражат қалалықтарға «Даму» қоры, ауыл тұрғындарына «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы беріледі. Алдымен болашақ кәсіпкерді бір ай оқытады. Икемі болса, әрі қарай бизнес жоспар жасап, банктерден қаражат алуға жәрдемдеседі. Биыл 15 мыңдай адам осы курстан өтеді. Оған жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар мен кәсіпкерлер қатысады.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Кәсіпкер дефолт болған жағдайда, кепілдікті төлеу бойынша тәуекелдің негізгі бөлігі кепілдік бері жөніндегі операторға жүктеледі. Мемлекет кепілдік беру құнының 30%-ын ғана төлейді. Бұл операторларды келіп түсетін өтініштерді іріктеу кезінде сапалы жұмыс істеуіне, тиімсіз жобаларды азайтуға мүмкіндік береді.

Мәжілістегі "Экономикалық реформа және өңірлік даму" комитеті төрағасы Нұртай Сәбильяновтың айтуынша, "Бизнесті субсидиялау бойынша 2014 - 2015 жылдары «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдау алғандардың 13 %-ы немесе әрбір сегізіншісі «нөлдік» салық тапсырған, яғни жұмыс істемеген. Ал соңғы екі жарым жылда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына қатысушылардың әрбір жетіншісі жеке табыс салығын төлемеген, яғни жаңа жұмыс орындарын ашпаған. Мемлекеттен қолдау алған кейбір кәсіпкерлер жұмысын тоқтатқан". Алайда, "Даму" басшылығы мұнымен келіспеді.

Абай Сарқұлов, "Даму" КҚҚ" АҚ басқарма төрағасы:

Те, которые у нас финансируются, все положительно обслуживаются, никаких закрытий нет.

Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Ол білмейді, кеше ғана жұмысқа орналасты. 5 жылғы "Дамудың" істеген жұмысын білмейді. 9 мың кәсіпкер қаржыландырған деп отыр. Оның ішінде қаншасы жұмыс істеп жатыр, қаншасы салық төлеп жатыр. Оны ешкім талдау жасап жүрген жоқ. Біз жасап жүрміз. Есеп комиеті осы бағдарламаны тексеріп тиісті қорытынды шығарды.

Ескі бағдарламаның тиімсіз тұстарын тізбелеген депутат, қазына қаражатын есепсіз таратуға қарсы. Биыл тұсауы кесілген су жаңа бағдарлама бойынша тағы қыруар қаржы бөлінеді. Ол  кәсіпкерлікке икемі бар адамдарға ғана берілуі тиіс. Үкімет 2030 жылы жалпы ішкі өнімнің 50%-ы бизнестің үлесінде болады деп межелеп отыр. Ресми деректерге сай, қазір елде экономикалық белсенді тұрғындар саны 8,9 млн адам, оның 6,3 млн-ы жалдамалы жұмыскерлер, 2,1 млн-ы өзін өзі жұмыспен қамтығандар, 441 мыңы жұмыссыз.