Елімізде несібесін несиеге байлап, қарызбен жан бағып отырғандардың саны күннен күнге артып барады. Жыл басында екінші деңгейлі банктер халыққа 17 трлн теңгеден астам кредит берген. Қарыздың қамытын кигендер саны 8 млн-нан асып жығылады. Ал шағын және орта бизнеске несие жеткілікті деңгейде берілмейді. Бұл жағдай іскерлік ортаның дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Олқылықтың орнын толтыру үшін Мемлекет басшысы банктерге қатысты жаңа заң қажет екенін жеткізді.
Қазіргі қолданыстағы банк туралы заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ал онан бері жүйе де, заман да айтарлықтай өзгерді. Мемлекет басшысы жаңа құжатта экономикалық бенсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы қажет екенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет.
Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің несиелік портфелінің 70 проценті- тұтынушылық қарыздар. Ал экономиканы дамыта отырып, жаңа кәсіпорындарын ашуға бағытталған несиелердің үлесі 30 пайызға да жетпейді. Бұл әлемдік статистикада кері процесс саналады. Дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатардағы қаржы ұйымдары бизнес субъектілерін басты назарда ұстайды. Сол арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға күш салады. Экономист Бауыржан Ысқақ бізге де бұл жүйеге көшетін уақыт әлдеқашан жеткенін айтады.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
Өзіміздің өңдеуші сектор бар. Бізде аграрлық кәсіпорындар бар. Яғни, экономиканың алға жылжуына септігін тигізетін ірі салалар болса, сол жаңа заңның аясында, сол заңмен салаларды дамытуға мүмкіндік аламыз. Ал қазіргі заң біздің екінші деңгейлі банктерге ешқандай жауапкершілік бермейді. Жаңа заңның қабылдануының арғыжағында әлеуметтік, экономикалық тың ревалюциялық даму бағыты жатыр.
НАУРЫЗБАЙ БАЙҚАДАМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Банктердің тек өз мүддесін ғана емес, экономиканың нақты секторларына қаржы салу арқылы өздерінің пайдасын, олар ақшасын біреуге кредитке береді, біреудің депозитін біреуге процентке беру арқылы баю жолынан кету керектігін айқындап отыр. Осы жерде банктердің әлеуметтік жауапкершілігі артады деп ойлаймын.
Банктер неғұрлым көп табыс тапса, соғырлұм салық ставкасы жоғары болуы керек. Бұл әлемдік тәжірибедегі жүйе. Бірақ, біздегі екінші деңгейлі банктер бұл саясаттан тыс қалып жатыр. Сондықтан болса керек, халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ең көп пайда табатын қаржы ұйымдары санатына қосады.
АМАН МАМБЕТАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Біз банк басшыларының жоғары жалақы алатынын, жалпы банктердің жақсы табыс табатынын білеміз. Бірақ олар сол табысынан салықты дұрыс төлеп жатыр деп айту қиын. Үкімет тарапынан дағдарыс немесе қандай да бір жағдай болса қолдау шаралары жасалады. Осыған дейін мемлекет қаржы ұйымдарына көмек беріп келді. Енді банктердің де қайтарымды қайтарар уақыты келді. Яғни, Әділетті Қазақстанда банктерге де әділетті саясат болу керек.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ұлттық қордың рөліне ерекше тоқталды. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет екенін айтты. Оны тиімді басқару маңызды екенін жеткізді.