Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Елімізде тасқын қаупі әлі сақталып отыр

AstanaTV
28.03.2017ж. 20:00
2433
Елімізде тасқын қаупі әлі сақталып отыр

Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында су басу қаупі сақталып отыр. Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов су деңгейінің көтерілуіне қатысты шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұған дейін аталған екі облыспен қатар Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары су деңгейінің көтерілу қауіпі бар аймақтарға жатқызылған. Мұндай болжам ауа райы мәліметтері мен су қоймаларындағы жағдайды ескере отырып жасалды. Дайындық шаралары ойдағыдай, қажетті шаралар атқарылып жатыр, деді ведомство басшысы. Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев бұл мәселені үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі: 

Соңғы ауа райы мәліметтерін ескере келе, қауіптілік Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында сақталып отыр. Қызылорда өңірінде судың біршама тасуы орын алды. Мұздың жарылу кезеңі өтті, айтарлықтай қауіп-қатер жоқ. Ауа райын ескере отырып, Қостанай облысында су деңгейінің көтерілуін 6-7 сәуірге, ал Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында 8-9 сәуірге болжадық. 

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 22 миллион гектар алқапқа егу жоспарланған. Көктемгі дала жұмыстарына бюджеттен 60 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі мәлімдеді.

Қайрат Айтуғановтың сөзінше, көктемгі егіс көлемі 18,5 миллион гектарды құрайды. Мал азығы дақылдарының егістік көлемі - 206 мың гектар, жарма дақылдары - 32 мың гектар, майлы дақылдар - 60 мың, ал қант қызылшасының егістік көлемі 7 мың гектардан артпақ. Ал жалпы дәнді-дақылдардың егістік алқабы - 15 миллион гектар. Сондай-ақ, 2017 жылы елімізде екі жарым миллион тоннаға жуық ауыл шаруашылық дақылдарының тұқымы дайындалған.

Саламат ОМАШ