Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Жас Қанат» кешенінде Алғабастағы жағдай қайталануы мүмкін

AstanaTV
28.03.2017ж. 20:00
4507
«Жас Қанат» кешенінде Алғабастағы жағдай қайталануы мүмкін

Алматыда жаңадан салынған «Жас Қанат» тұрғын үй кешеніне қоныстанған халық, Алғабас оқиғасы қайталана деп, қауіптенеді. Екі аптадан бері жертөлелерде көлкіп жатқан суды тазартуға ешкім асығар емес,- дейді олар. Мұндай жағдай шағын аудандағы 3 бірдей көпқабатты үйде қалыптасып отыр. Атқарушы билік өкілдері жертөледегі құбырлардан аққан кәріз суына тұрғындарды кінәлап отыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналарға қол жеткізген тұрғындар тағы да дабыл қақты. Халық 72 пәтерлі көпқабатты үйге орналасып үлгермеген. Десе де құрылысшылардың салғырттығы әр қадам атаған сайын көрініп жатыр.

Тұрғындар баспаналардың кіре берісінен бастап жатын бөлмеге дейінгі аралықта сапасыз жүргізілген жұмысты байқаған. Баспалдақтар үгтіліп, қабырғасы сөгілген үйдің енді жертөлесі де көлкіген су. Құбырлардың тесігінен тамшылаған кәріз суы тізеден асады. Құрылысқа үш жыл кепілдік алған мердігер «Астанақұрылыс» компаниясы ешқандай шара қолданбай отыр, дейді тұрғындар. 

Шырынгүл Махажанова, тұрғын:

Қазір енді мына үйдің астына су кетіп жаман болып жатыр. Ол деген фундаменті отырады. Фундаменті отырған соң үй де отырады. Үй отырған соң, оның құлап қалуы да мүмкін.

Көп қабатты үйді салған «Астанақұрылыс» компаниясы «Алғабас-6» ықшам ауданындағы қисайып қалған үйдің де құрылысын жүргізген. Мұндағы 72 отбасы күні ертең қоныс тойын тойламақ. Есесіне «Жас Қанат» кешенінде тұратын ондаған отбасы іргетасына қауіп төнген үйде үреймен күн кешіп отыр.

Сәулебек Бұхарбаев, тұрғын:

Он күннен астам уақыт болды. Мына су содан аққаннан ағып, әлі тұр. Енді міне жарты метрге жетті. Мынау жарты метр мынау кір су, мына лас су. Бәлкім, сол Алғабастағы жағдай қайталануы мүмкін. Тура сол болса, сол кезде барып қимылдап, адамдар бірдеңе істейтін шығар. 

Пәтер иелері бірнеше күннен бері тиісті жерлерге қоңырау шалып, жертөлені лас судан тазартуға ешкімді иліктіре алмапты. «Астанақұрылыс» компаниясының өкілі жағдайдан хабарсыз екені айтты. Қалалық тұрғын үй басқармасы өкілдері бұл үйдің әлі толық пайдалануға берілмегенін алға тартып, проблемаға құрылысшы жауапты деп қысқа қайырды.

Айдын Керімқұлов, Алматы қаласы тұрғын үй басқармасының өкілі:

24-нен бастап осылай бітелді деп, канализация бітелді деп бізге ескертілді. Біз енді ол компаниямен хабарласып отырмыз. Ол кісілердің алып, жауап бергені бүгін болып отыр. "Астана құрылыс" фирмасы. Мердігер компания келіп тазалайды. Бәрін қайтадан орын-орнына қояды. Ішін тазалап береміз деп отыр.

Құрылысқа тапсырыс беруші Алматы қалалық құрылыс басқармасы кәріз суының жертөлеге ағуына тұрғындарды кінәлайды. Өйткені құбырға әртүрлі қоқыс пен құрылыс қалдықтарын тастау тиылмай тұрған көрінеді.

Азамат Рахымов, Алматы қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

«Астанақұрылыс» құбырларды дұрыс салған. Бірақ тұрғындар өздері памперс, тряпканы унитазға лақтырады. Өзіңіз білесіз, онда құрылыстар жасалады, соны 9-шы этаждан сыртқа шығаруға ерініп, құбырға тастай салады. Содан болуы мүмкін.

«Жас Қанат» ықшам ауданында 28 үй салынып, пайдалануға берілген. Алғашқы пәтерлер осыдан быр жыл бұрын иелерін тапты. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында барлығы 900-ден астам отбасы пәтерлі болуы тиіс.  Шаршы метрі арзан болғанымен, несие есебінен алынған пәтерлердің сапасына тұрғындардың көңілі толмай отыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ