$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Тереза Мэй Еуроодақ құрамынан шығу туралы құжатқа қол қойды

AstanaTV
29.03.2017ж. 20:00
2190
Тереза Мэй Еуроодақ құрамынан шығу туралы құжатқа қол қойды

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Еуроодақ құрамынан шығу процесін бастайтын хатқа қол қойды. Құжат Еуропалық Кеңес төрағасы Дональд Тускке жіберіледі. 

Ал 29 сәуірде Ұлыбританияның қатысуынсыз Еуроодақ басшыларының саммиті өтеді. Басқосуда ұйым Еурокомиссияға келіссөз жүргізуге өкілеттік беру жоспарын даярлап, жариялауы тиіс.

Айта кетейік, Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шығу жөнінде референдум өткізген. Онда ұйымнан шығуды қолдағандар жеңіске жетті. Ақпанда үкімет өз жоспарын жариялаған. Оған сәйкес Ұлыбритания ортақ нарықтан шығып, жаңа кеден тәртібін енгізеді. Сондай-ақ, Еуропалық сот құзыретінен бас тартып, босқындарды бақылау жүйесін енгізбекші. Дегенмен  бастама британдық банктерге кері әсерін тигізуі мүмкін.

Джеймс Биван, CCLA INVESTMENT MANAGEMENT LTD инвестициялар бойынша бас маманы:

Брекситтен кейін бізде жалпы өсім байқалды. Алайда қазір инфляция деңгейі көтеріліп келеді. Тіпті биыл даму үдерісі байқалмауы да мүмкін. Банктер Еуропа елдеріндегі бизнес иелерімен жұмыс істейтіндіктен, түрлі мәселелер туындауы ықтимал.

Алайда катарлық қаржыгерлерді бұл болжам тоқтатар емес. Брекситтен кейін бірқатар елдер мен халықаралық компаниялар Ұлыбританиядан сырт айналса, Доха бұл елдің экономикасына 5 миллион фунт стерлинг қаражат бөлуге дайын.

Елдос САПАРҒАЛИ