$494.87 €520.65 ₽4.91
×

1 сәуірден бастап Астана вокзалында жүктерді тексеріп кіргізу тәртібі енгізіледі

AstanaTV
30.03.2017ж. 20:00
2392
1 сәуірден бастап Астана вокзалында жүктерді тексеріп кіргізу тәртібі енгізіледі

1 сәуірден бастап Астана теміржол вокзалында тексеріп кіргізу тәртібі енгізіледі. Қазір нысан жолаушылардың  сөмкелері мен өздерін тексеретін арнайы құрылғымен толық жабдықталып біткен. Облыс орталықтарындағы темір жол вокзалдарын да осындай құрылғымен жабдықтау жоспары тұр.

Жаңашылдық халықтың қауіпсіздігін басты назарға ала отырып енгізіледі. Астана вокзалына қосымша 149 штаттық қызметкер алынған. АҚШ, Германия мемлекеттерінен шыққан заманауи құрылғылар сөмкедегі затты барынша дәлдікпен көрсетеді. Бұған «ҚТЖ ҰК» АҚ 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөліпті.

Жұбан Көрпебаев, «ҚТЖ ҰK» АҚ вокзал шаруашылығы жөнінде атқарушы директор:


Бұған дейін мұндай жүйе Алматыда енгізілді. Тұрғындар тарапынан еш наразылық болған жоқ. Астанада жүйені барынша жетілдіре түсеміз. Қажет жағдайда жолаушыларға сәл ертерек келуі керектігі жайлы ақпарат беріледі. 

Мұрат Кокаев, әскериленген темір жол күзеті өндіріс жөніндегі вице-президенті:

Барлық жолаушыны тексеру емес, терроризмге қарсы іс-қимыл заңында жазылғандай, сары, қызғылт сары және сары деңгейде барлығын тоқтатып жолаушыларды және багаждарын тексереміз.

Басқа уақытта күдік тудырғандар ғана тексеріледі. Сондықтан ұзын сонар кезек орын алады деп алаңдауға негіз жоқ. Сөмкеде адам өміріне қауіпті мылтық, оқ дәрі сынды заттар болмауы керек. Құрылғы есірткіні де ерекшелеп білуге қауқарлы.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Жауапты қызметкерлер вокзалға кіре берісте кептелген кезектің болмайтынына кепілдік береді. Барлығы да қарапайым, келдің, қойдың, әрмен қарай өте берісте сізді мамандандырылған күзетшілер тексереді. Осындай күзетшілердің 150-і өз білімдерін жетілдірген, алда тағы 300-і білімін жетілдіреді.

Олар келушілерге қажет болған жағдайда екі тілде мән-жайды түсіндіреді. Жолаушылар мен вокзалға кірушілер тексеруді түсіністікпен қабылдауда.

Адам өз жүрер уақытын есептеп келіп тұрса, еш кедергі болмайды, деп ойлаймын.

Терроризмнің алдын алу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр елімізде, мынау соның үлкен көрінісі. 


Алда тағы 13 темір жол вокзалын осындай құрылғымен жабдықтау жоспары тұр. Мамандар жаңа жүйені осы жылдың  маусым айына дейін енгізіп бітпек.