Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Биыл Қарулы күштердің қатарында 86 қылмыс тіркелді, оның екеуі әлімжеттік

AstanaTV
30.03.2017ж. 20:00
4043
Биыл Қарулы күштердің қатарында 86 қылмыс тіркелді, оның екеуі әлімжеттік

Биыл Қарулы күштердің қатарында 86 қылмыс тіркелген, оның екеуі әлімжеттік. Бұл туралы әскери полиция өкілдері айтты. Отан алдындағы борышын өтеушілерді көктемгі шақыру жүріп жатыр. Үміткерлер арнайы тестілеуден өткізілуде. Қарулы күштер қатарында ел тыныштығын сақтайтын болашақ сарбаздардың саны қанша?  Айбек Қосан біліп көрді.

Айбек Қосан, тілші:

Әскер қатарына шақырылатын азаматтардың денсаулығы өткен жылдармен салыстырғанда жақсарған. Мұндай жағымды жаңалықты брифинг барысында мамандар растады. Жарамсыз деген санаттың көрсеткіші небәрі 0,5 пайызды құрап отыр.

Қарулы күштердің 70 пайызы келісімшартпен қызмет атқаратын жауынгерлерден жасақталған. Әскери-техникалық бөлімдер мен әуе және теңіз күштері сапындағы қызметкерлердің 99 пайызы шарт жасасқан. Ал мерзімді әскер қосалқы құрамды жасақтауға қажет.

Амантай  Өсербаев, ҚР ҚК Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары:

16 мыңдай азамат әскерге шақырылады. Ол 25 пайызын құрайды жалпы Қарулы күштердің. Мерзімді әскери қызметке азаматтар шақырылған, олар әскери бөлімдерде көп уақыт даярлықты талап етпейтін лауазымдарға қойылады. 

Баласын батыр болуға жіберіп, боздап қаламыз ба деп, қорқудың қажеті жоқ,- дейді департамент мамандары. Ресми мәлімет бойынша, өткен жылы әскер қатарында 268 қылмыс тіркелген. Оның 11-і әлімжеттік. Биылғы көрсеткіш мынадай. 

Тілеухан Басқожаев, ҚР ҚК әскери полициясы бас басқармасының бастығы:

Биыл Қарулы күштерде 86 қылмыстық іс тіркелген. Соның, сіз айтып отырған, әлімжеттігі бар. Қатардағы жауынгерлер екеуі, сонда пайызбен айтсақ, 2,3 пайыз, жалпы тіркелген осы 2 факті.

Әскерге шақыру науқаны барысында тәулік бойы қызметкерлер кезекшілік атқарады. Қандай да бір түсініксіз жағдайлар туындап, арыз-шағым түссе, жедел желіге хабарласуға болады. Белгілі себептермен әскери қызметтен босатылатын азаматтар да жоқ емес.

Мүслім Дайыров, ҚР ҚК Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы:

Әскери қызметті кейінге шегеру оқуын жалғастыру үшін және отбасы мен денсаулық жағдайына қарай беріледі. Ауылды жердегі мұғалімдер мен медицина қызметкерлері де осы санатқа жатады. Парламент депутаттары мен өкілді орган қызметкерлері сайлану мерзімі аяталғанға дейін босатылады. Егер өз қалауы болса, өтініш беріп әскер қатарына баруына болады. 

Қазір қолына шақыру қағазы тиген соң өз еркімен келетін жастардың қатары көбейген. Тиісті құжаттарын өткізіп, медициналық тексеріске келген азаматтардың талпынысы жоғары.

Бүгін мен әскерге шақыру алдым. Өте қатты қуаныштымын. Қазақстанда әскерге барып келу - әрбір жігіттің борышы. Негізі менің арманым - әскери адам болу.

Айбек Қосан, тілші:

16 наурызда басталған әскер қатарына шақыру науқаны 3 ай бойы жалғасады. Әскерге жарамды азамат негізсіз бас тартып жалтарған болса, Қылмыстық кодекстің 387 бабына сәйкес 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе сол көлемде еңбекпен түзетуге бекітіледі, я болмаса 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айбек ҚОСАН