$491.7 €531.28 ₽5.07
×

«Саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ». Қазақстан-Өзбекстан қатынастары.

AstanaTV
01.04.2017ж. 20:00
2906
«Саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ». Қазақстан-Өзбекстан қатынастары.

Өткен аптада Өзбекстан Президенті Шавхат Мирзиеев Астанаға келіп кеткені мәлім. Кеңірек әңгімелейтін маңызды тақырып болғасын тереңірек тоқталамыз. Сапардың алдында Өзбекстан президентінің Орталық Азия елдеріне сапары – алдымен Түркіменстанға, сосын біздің елімізге, аймақ үшін аса маңызды проблемалардың көбесін сөгуге – су-энергетика, шекара деген сияқты, сондай-ақ бір-бірімізбен іс жүзінде жақсы қатынас орнатуға ықылас сияқты көрінетінін айттық. Бекітетін комментарий:

Расул Жұмалы, саясаттанушы: /18.03.2017 ж/

Сыртқы күштерге Орталық Азияның біртұтас,мызғымас болғаны керек емес. Мейлінше ыдыраған, мейлінше бірімен бірі қырқысқан, сол арқылы әлсіз, сыртқы күштердің айтқанымен жүретін осындай Орталық Азия керек. Біз бауырлас, түбіміз бір бола тұра соңғы 25-30 жылда арамыз бірталай үзіліп қалған. Оның орнын алауыздық басқан. Қандай да бір мәдени-ақпараттық байланыстар мүлде жоқ. Біздің сыртқы күштерге бағынышты болуымыздың бірден бір алғышарты және оны болдырмаудың жолы - кеш те болса, аймақ елдерінің бірігуі.

Әйтсе де біз жалпылама қайыра салмаймыз. Біріншіден, Сырдария суын әділетті бөлісіп отырмыз ба? Екіншіден, мүмкін тіпті, басты сауал – Аралға байланысты ісіміз бір жерден шығатын күн туа ма? Үшіншіден, арзан көкөніс келгені жақсы, әйтсе де отандық өнім өндірушілердің жағдайы қалай болмақ? Ал жалпы, біз жан-жағымыздағыларды танимыз ба? Оларды «білеміз» деп жүргенімізбен, стратегия құратын анализ, мағлұмат жеткілікті ме? Айтпақшы, өзбек аспаздары Астананы еуропалық қала санайды. Бірақ ол да «дейді» деген бетінен қалқыған әңгіме және көршілердің комплименттік сипатта сөйлеу мәнеріне тән теңеулер. Мөлдір Бақытқызының сараптамасы.

Самарқанның көк тасы, һәм көршілер арасындағы тоң жібіген наурыз. Иә, жыл басы тосын жаңалықпен басталды. Аймақтағы ықпалды қос мемлекеттің саяси-экономикалық қарым-қатынасына қайта қан жүгірді. Мирзиеев «ресейшіл», теріскей оң қабақ танытпаса, тырп етпейтін «қуыршақ» басшы  деген пікір өміршеңдігін жоғалтты деуге болады. Мирзиеевтің Президент ретінде алғашқы ресми сапары өзбек мемлекетінің саяси векторын айқындай түсті. Ал сырт көз Орталық Азия мемлекеттерінің ымыралас, экономикасы мығым, аймақта ықпалды болғанын қаламайды. Өйткені өз мүдделеріне пайдалану қиындай түседі. Сарапшылар қазақ-өзбек қарым-қатынасының үш тағаны: экономика, қауіпсіздік және Арал проблемасы дейді. Экономика тұрғысынан көк базардағы қымбатшылық, инфляция мен тұтыну қоржынына тікелей әсер ететінін айтады.

Айдар Әлібаев, экономист-сарапшы:

Біздің билік үнемі бас қатыратын мәселе- инфляция деңгейін ұстап тұру. Бәрімізге белгілі инфляцияға тікелей әсер ететін қатардағы қазақстандықтардың тұтыну қоржынына кіретін азық-түлік бағасы. Онда көкөністің салмақты орны бар. Осы тұрғыда Өзбектан біздің сұранысымызды толық жабуы мүмкін.

Таяқтың екі ұшы бар. Біздің кәсіпкерлер «тыпырши» бастады. Міне Шымкенттегі жылына 1 млн 400 мың тонна қияр мен қызанақ өсіретін жалыжай. Мұнда көтерме баға 340-350 теңге. Бір қызығы көк базарда келісі мыңнан кем түспейді. Әрине, арада делдалдар пайда табады. Хош, ол өз алдына бөлек әңгіме. Шымкенттіктер Ресей мен Түркия арасына сызат түскен кезде көкөністі көрші елге де экспорттай бастаған. Екі жылда 400 тонна  сатып үлгеріпті. Алайда, Ресей нарықтағы жағдайда тез бейімделіп, Новосібір мен Барнаулда 20 шақырымдық алып жылыжай салып, ішкі сұранысты өзі қамти бастаған. Содан баға түсіп кеткен.

Мурат Гелишвили, «Kazagronom» ЖШС Бас директоры: 

Он күн алдын Россияның бағалары бізден төмендеді. Бізде 430-420 теңге болғанда оларда 300-320 теңге еді. Қазір енді объем көбейткеннен кейін Россияға жіберуіміз мәжбүр болып жатырмыз, соған бола бағаны да түсіріп ,келістіріп, солардың бағаға қарап сатып жатырмыз ол жаққа.

Енді шекарадағы мәселе шешіліп, алыс-беріс, барыс-келіс жөнге келсе жағдай тағы өзгеруі мүмкін, дейді. Мұрат Гелишвали өзбектердің көтерме бағасын білмейді. Бірақ, өздері қыс бойы жылыжайды баптауға газ жағады, басқа да шығындар бар, бағаға тікелей әсер етеді дейді.

Мурат Гелишвили, «Kazagronom» ЖШС Бас директоры:

Конкуренция әрине болады.Өйткені олардың шығарып жатқан көкөністері біздікінен арзан болады. Расходтары аз болады. Олардың климатический условиелері сәл дұрыстау бізге қарағанда, жылылау. Жұмыс күші арзан.

Соңғы бес айдың өзінде көрші елден келетін жеміс-жидек көлемі 25 пайызға артқан.Бұған Президент Шавхат Мирзиеевтің  кедергілерді алып тастауы себеп,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Узбекских фруктов, и овощей на 25% больше, чем за все предыдущее время. Это благодаря тому, что новое руководство Узбекистана полностью открыло все возможности торговли и сняло барьеры.

Әйтсе де шымкенттік алып-сатарлардың айтуынша көкөністі қазір Тәшкеннен тасу қымбат. Жол шығыны, кедендік салықтар қалтаны қағады. Дорбалап емес, арбалап яғни, вагонмен сатып алса ғана тиімді көрінеді.Тағы бір айта кетері, екі елдің саудагерлері доллармен есептеседі. Сондықтан, Өзбекстан бізді арзан көкөніспен қарық қыла қоймас. Баға бағамға байланған. Қытайдың химия қосылған өсімдігі азаяр, бірақ көкөніс арзандай қоймас.

Ерғазы Ақжол, саудагер:

Доллар барлық елде ойнайды Доллармен алмасамыз. Теңгемен де бар. Бірақ курс доллармен есетеледі.

Гүлбахар Рахметова, саудагер:

Өзбекстаннан келгендіктен растаможка бізде қымбат. Доллар бойынша, цент бойынша аламыз. Кейде екі мемлекет арасында келіспеушілік бола ма, бағасы қымбат болып кетеді растаможканың. Шығын көп. Мысалы, Камазға артамыз. Камаздан вагонға артамыз. Вагоннан мұнда әкелу керек.

Русланбек Құлшықов, саудагер:

17 мың сом курагалар. 17 мың бізде 1000-1500 теңге. Ал, бұл жерге келгенде 2500-3000 т шейін сатылады. Өзбекстанға барып келу үшін, машина бар, растаможкаң бар – оның бәрін санаған жоқпын, бірақ, шамамен 2-2,5 млн теңге кетіп қалады. Жайымен кетеді.

Негізі өзбектерге шекара шек емес. Оған әлемнің түкпір түкпіріндегі атақты асханалары дәлел. Міне, Астанадағы ұлттық нақыштағы мейрамханаларының бірі. Күніне 5, айына 150 келі күріштен палау пісіреді. Нью-йорктің Бруклин ауданында да  тура осы ала шапан ілулі тұр, тура осы алабажақ кесемен шәй ішуге болады. Бас аспаз Нигмон Астананы Еуропаға балап отыр, бірақ аңсары нағыз Еуропада. Италияға барып, аспазықтың шыңы «Мишлен жұлдызын» алуды армандайды.  

Нигмон Сұлтанов, бас аспаз:

Астана считатся ближе к Европе все люди хотят попасть в Европу. Здесь тоже считается Европа.

Бұл адам тағдыры. Арада Арал тағдыры бар. Қазір қалған бөлігінің үштен екісі біздің жерде, үштен бірі Өзбекстанда. Сырдариядан Аралға су барады, ал Амудария құяды деген ақпар жоқ, дейді мамандар. Бірақ, былтыр төртінші тоқсанда екі елдің су шаруашылығы бойынша жұмыс топтары кездесіп, біраз келіссөздерге қол жеткізген. Өзбек ағайындар жазда қуаңшылық жасамай, егістікке «Достық» каналынан уақытында су беруге уәде беріпті.

Жұмахан Нұрсейітов, Су ресурстарын пайдалану, реттеу, және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:

Мақтарал ауданына Өнтүстік Қазақстан облысында жылда Достық каналынан су берілмей, су тапшы болып, біздің Шардарадан насосная станса салынған. Енді қазір Мақтарал ауданына Достық каналынан су  үздіксіз берілетін болып, Өзбекстан еліне тиесілі судан біз арнасайға су тастайтын болып келіскенбіз.

Өзен бойындағы суармалы шаруашылық, суды ысырапсыз пайдалану, тыңайтқыштар мен химиялық қоспаларды қолдану Арал апатына әкелді. Таза анпропогендік фактор. Нәтижесінде, Арал теңізінің деңгейі 23 метрге дейін төмендеп, оның су айдыны 200 км-ге дейін қусырылды. Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын айналаға зияны өте жоғары 2 млн тонна тұзды шаңдар көтеріліп, желмен тарай бастады. Экологиялық апатқа ресми сапар кезінде екі президент те тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:¤

Біз Арал теңізі төңірегіндегі ахуалды да талқылап, кезекті мәрте Арал теңізін құтқару халықаралық қоры бұл проблеманы шешетін және біздің елдерімізді байланыстыратын негізгі платформа деген ортақ пікірге келдік.

Ресми сапар барысында Мирзиеевппен бірге 250-дей кәсіпкер келді. Нәтижесінде тараптар шамамен 1 млрд долларға келісім-шарт жасады. Эскпорт-импорт көлемі нақты қай бағыттар бойынша артатыны әзірге нақтыланған жоқ. ¤Қазақстан негізінен Өзбекстанға мұнай мен түрлі металл және бидай мен ұн сатады. Бидайдың жалғыз экспортерміз. Ал ала шапанды ағайын газ, тоқыма өнімдері, жеміс-жидек жеткізеді. Өзбекстанның экспорттық бағытында Қазақстан - Швейцария, Қытай, Түркиямен қатар алғашқы төртікке кіреді.

Шавхат Мирзиеев, Өзекстан Республикасының Президенті:¤

Я вам искренно хочу сказать этого не было никогда - такого договора - контрактов около млрд долларов. Это историческое подписание.

Айтпақшы, Мирзиеевтің ресми сапары туралы ресейдің белді басылымдады не жазды деген, оймен ресми сайттарды тінтіп шықтым. «Известия»,«Комерсантъ», «Газета ру» тағысын тағы. Ләм-мим демепті. Құдды, ешқандай сапар, екі жақты келіссөздер болмаған сыңайлы. 

 «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық - бәрі соларда». Абайдың екінші қара сөзі.

Мөлдір Бақытқызы, «Біздің уақыт».