Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Соңғы тәуліктерде жол апаттары жиілеп, енді бір аймақта тасқын қаупі күшейген

AstanaTV
31.03.2017ж. 20:00
3025
Соңғы тәуліктерде жол апаттары жиілеп, енді бір аймақта тасқын қаупі күшейген

Соңғы тәуліктерде қатты боран салдарынан жол апаттары жиіледі. Адам шығыны да бар. Табиғаттың тосын мінезінен болған жойқын апаттың бірі Алматы-Екатеринбург тас жолында тіркелді. 11 көліктің қатысуымен болған апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазір істің мән-жайын анықтау жұмыстары жасалып, сараптама тағайындалған. Мұнан бөлек кей өңірлерде жойқын дауыл шатырларды қиратса, енді бір аймақта су тасқыны қаупі күшейген.

Айбек Қосан, тілші:

Апат ақтүтек боранда жолдың дұрыс көрінбеуінен болған. Hyundai, Volkswagen, Mercedes жеңіл көліктері мен "КамАЗ" жүк көлігі соқтығысқан. Куәгерлердің мәліметінше, соңғысының жүргізушісі алдынан шыққан автокөлікке қақтығысудан қорқып рөлді бұрып жіберген Басқа техника иелері осы жерде бірінен соң бірі барып, тоқтап тұрған Камазға соғылады. Ұзын саны 11 көліктің ішінде отырған азаматтардың алтауы бас миының шайқалу және түрлі дене  жарақаттарымен Астанадағы ауруханаларға жеткізілді.

Халықтың жағасын ұстатқан жойқын жол апатының ізінше тағы бір қайғылы факті тіркелді. Бүгін таңғы сағат үштер шамасында  Атбасар ауданының ішкі істер бөліміне хабарлама келіп түскен. Атбасар - Шуйское бағытындағы тас жолда көліктің ішінен 2 адамның мәйіті табылған

Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Пригородное ауылы маңында Ауди 80 көлігінің ішінен 1966 және 68 жылғы ерлі-зайыптылардың мәйіті табылды. Тексеріс барысында ешқандай зорлық белгілері байқалған жоқ. Қазір олар мәйітханаға жіберілді. Тиісті сараптама жасалудаАлдын ала болжам бойынша, марқұмдардың көз жұмуына жалпы ағзаның мұздауы себеп болған. 30 наурызда тұрғындарға жолдың жабық екені жайлы ескертілген. Оған құлақ аспаудың салдары осындай болып отыр.

Айбек Қосан, тілші:

Қазгидромет мамандарының мәліметінше, алдағы демалыс күндері көптеген облыстарында жауын-шашын болады, қар жауып, температура төмендеуі мүмкін. Сенбі күні батыста, жексенбі күні солтүстік, орталық және шығыста жауын-шашын тоқтайды деп күтілудеАуа температурасы түнде 8-18 градусқа дейін төмендейді. Өзге өңірлерде де бірқатар оқыс оқиғалар тіркелген екен. Сөз кезегін қарағандылық әріптесім Айжан Қуашқа беремін.

Айжан Қуаш, тілші: 

Иә, Айбек. Қарағанды облысында кеше екпіні қатты жел тұрып, 5 көпқабатты үй мен 3 мемлекеттік мекеменің шатырын ұшырды. Тіпті кейбірінің төбесіндегі құрылымдары қираған. Абырой болғанда, адамдар аман.

Октябрь ауданына қарасты аурухананың жап-жаңа шатыры, желге шыдас бермей, жанында тұрған көпқабатты үйдің ауласына құлаған. Кешкі сағат алты жарым шамасында болған оқиғаны жеке секторда тұратындар өз көзімен көріпті. Зейнеткерлердің айтуынша, ұйытқыған жел былтыр ғана ауыстырылған шатырды қаңбақша ұшырып, қиратқан.

Евдокия Ефремова, куәгер:

Желдің қатты соққаны сонша, далаға шығуға қорқып, бәрін терезеден бақыладым. Аурухананың шатырын ұшырды. Былтыр  дүлей жел соғып, шатырларын қиратып кеткен соң, ауыстырған болатын. Енді міне, тағы бүлінді.

Құрылыс қалдықтарын жұмысшылар жинастырып жатыр. Аурухана басшылығы шатырдың екі-үш күн ішінде жөнделетінін мәлімдеді. Шығын көлемі әзірге белгісіз деп отыр.

Құсайын Ермеков, Қарағанды қаласы №1 қалалық аурухана филиалы директорының орынбасары:

Шатырдың ремонт мәселелері бүгін шешіледі. Сметалар бәрі. Екі-үш күн ішінде түгел қалпына келтіріледі. Жылу жүйесі бәрі орнында. Аурулар емделіп жатыр. Олардың жағынан ешқандай шағым жоқ.

Ал Зелинский көшесіндегі 5 қабатты үйдің шатыры ғана емес, төбесіндегі құрылымдары да бүлінген. Дауыл жоғарыдағы ағаш бөренелеріне дейін ұшырып әкеткен. Тұрғындар төбені өткен жазда өзара ақша жинап, жөндеткендерін айтады. Енді күрделі жөндеу жасауға қаражатты қайдан табамыз деп алаңдаулы.

Қалалық төтенше жағдай мамандарының дерегінше, наурыздың 30 күні болған желдің жылдамдығы секундына 22 метрге жеткен. Арнайы ережеге сай, дауылдың екпіні 25 метрге жетсе ғана, төтенше жағдай болып саналады. Осыны ескерсек, кешегі ұйытқыған қатты жел табиғаттың тосын мінезі болып тұр, деді мамандар.

Ал
 Павлодар облысында тасқын судан келетін қауіп күшейген сыңайлы. Аймақтағы әріптесім өңірдің жағдайын баяндауға дайын тұр. Әсемгүлсөз кезегі өзіңізде.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Иә, Айжан! Бізде де кешеден бері табиғат тосын мінез көрсетіп тұр. Павлодар өңірінің бірқатар елді мекені мен тас жолдары еріген қар суының астында қалды. Мәселен, Май ауданындағы тасқын теміржолдың бөлігін шайып кетіп, тасымалдаушылар пойызының бағдарын өзгертуге тура келді. «Қазақстан Теміржолы» АҚ-ның ресми сайтында бұл әрекет жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында жасалды деп жазылды.

30 наурызда Павлодар жол бөлімшесінің Дегелең-Май өткелінде қызыл су теміржолға зақым келтірген. Соған байланысты, «Алматы-1-Павлодар», «Астана-Лениногор» және «Защита-Астана» жолаушылар пойыздарының бағдары өзгеріп, олар Ресей аумағына қарасты Құлынды және Локоть стансаларымен жүре бастады. Тасқынның салдарын жоюға арнайы штаб құрылып, оқыс оқиға орнында 120 теміржолшы мен 63 арнайы техника жұмыс істеуде.

Сергей Сытник, Павлодар облыстық ТЖ департаментінің бөлім басшысы:

Қазір бағыттық қатынас осы кесте бойынша жүріп жатыр. Оқиға орын алған жерде қалыпқа келтіру жұмыстары басталған. Судың деңгейі бір жарым метрге төмендеді. Сондықтан теміржол төсемін жөндеу жұмыстары қолға алынған. 

Топан су Баянауыл ауданын да әбігерге салуда. Өңірдің бірнеше бағытының тас жолы еріген қар суының астында қалғанын мына кадрлар растайды. Жазық даладан қатты екпінмен келген ағын жолдардың астын шайып, апатты жағдай тудырған. Жолаушылар барар жеріне жете алмай кері қайтып жатқандарын айтуда. Ахуалды кешегі ауа райының жылынып кетуі мен толассыз жауған жаңбыр күрделендіре түскен.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Төтенше жағдайлар қызметінің ақпарынша, су басқан аумақтарда құтқарушылар, жергілікті атқару органдарының техникалары мен қызметкерлері жұмыс істеуде. Ауылдық аймақтарға су басу қаупі төніп тұрған жоқ, - дейді құтқарушылар

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, Айжан ҚУАШ, Айбек ҚОСАН