Түркиялық туристер 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалау үшін Қазақстанға автобуспен келді. Түркияның Стамбул қаласынан жолға шыққан отбасы Грузия, Әзербайжан, Ақтау арқылы Астанаға жеткен. Екі жасар сәбиі бар ерлі-зайыпты Бурак пен Идил Дуран сапарда 9 күн болған. Бұл -шетелдік жанұяның Қазақстанға алғаш келуі. Атажұртымен қауышқан түрік ағайындар еліміздің табиғатына тәнті болғандарын айтады .
БУРАК ДУРАН, САЯХАТШЫ:
Жолда аялдап, демалып, әсем өңірлерді аралап келдік. Каспий теңізін көрдік. Қазақстанның кең байтақ жерін тамашалап, табиғатына тамсандық. Жол бойы қазақтың ән-күйлерін тыңдап, рухтандық. Атажұртымызға деген ыстық сезімдеріміз оянғаны рас. Ал Астана, тіпті, әдемі, заманауи қала екен.
Саяхатшылардың айтуынша, соңғы 7 айдан бері үйлерінде болмаған. Осылай автобусқа мініп, ұзақ сапарларға жиі шығатын көрінеді. Алдағы уақытта Түркістан қаласына баруды жоспарлап отыр. “5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын асыға күттік” дейді. {СНХ}
ИДИЛ ДУРАН, САЯХАТШЫ:
4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен. Биылғы ойындарға да қызығушылық танытып жатырмыз. Көңілімізден шығады деген үміттеміз. Баламызды Атажұртымен таныстырып, мұндағы жылқыларды, бүркітті көргенін қалаймыз. Көкпар ұлттық ойынын ерекше жақсы көреміз. Бұл барша түркі халықтарының мәдениетін, болмысын көрсететін ойын деп ойлаймыз.