$451.77 €485.97 ₽5.07
×

Қарағандыда екі жасар баласын пешке жағып жіберген әйел мен сыбайласына қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
05.04.2017ж. 20:00
3581
Қарағандыда екі жасар баласын пешке жағып жіберген әйел мен сыбайласына қатысты сот отырысы басталды

Қарағандыда 2 жасар қызын алдымен иен далаға тастап, кейін үсіп қайтыс болған соң пешке жағып жіберген әйел мен оның сыбайласы - азаматтық некедегі күйеуіне қатысты сот отырысы басталды. Олар осыдан 1 жыл 2 ай бұрын бейкүнә сәбиден қатыгездікпен құтылып, ол қылмыстарын 10 ай бойы жасырып келген. Сот процесіне тілшіміз Айжан Қуаш қатысты.

Айжан Қуаш, тілші:


Ерлі-зайыптыларға ҚК-тің «Адам өлтіру», «Қылмыс туралы хабарламау» және «Ұрлық» баптары бойынша айып тағылып отыр. Сот залында оқылған тергеу материалдары бойынша баланы күйеуі өлтірген. Ал, әйел оның қылмысы туралы хабарламаған.

34 жастағы Ильяна Драганның азаматтық некедегі күйеуі Владимир Зеленый жасаған қылмыстарын бүгін сот залында бүге-шігесіне дейін жайып салды. Оның айтуынша, 2 жасар Эвелинаны иен далаға ол емес, анасы тастап кеткен. Ал, Владимир Зеленый оны тым кеш аңғардым деді. 

Владимир Зеленый, сотталушы:

2016 жылы ақпанның екісі күні біз Ағадырдағы қыстақтағы жұмысымызды тастап, Қарағандыға келдік. Боран, қалың қар жауып тұрған. Кешке 8 кезінде мен Эвелинаны, әйелім ұлымыз Данилды көтеріп алып, саяжайға түнемек болдық. Қолымда пакет, сумкалар болғандықтан, шаршап, қызды жерге қойдым. Ильяна Драган кезекпен көтерейік деп, ұлымды маған берді. Мен оны арқалап, артыма қарамастан, саяжайдағы үйлердің біріне келдім. Сонда ғана Эвелинаның жоқ екенін байқадым.

Ол артынша баланы алып келуге әйелін жұмсағанын, бірақ ол «қараңғы болып кетті, жолды таба алмаймын» деп бармай қойды, дейді. Олар түк болмағандай, біреудің саяжайдағы үйіне терезесін сындырып сол күні түнеген. Ертеңінде үсіп қалған бүлдіршіннің денесін әкеліп, 5 сағат бойы күлге айналғанша пешке жаққандарын айтты.

Владимир Зеленый, сотталушы:

Денені әкелген соң әйеліме қалың қарда көме алмайтынымызды айттым. Ол мен түрмеге отырғым келмейді деді. Ендеше, жағудан басқа амал жоқ, дедім. Сөйтіп, өзара ақылдасып, пешке жағып жібердік.

Сот процесінде Владимир Зеленыйдың бұл айтқандары, тергеу материалдарына да қарама-қайшы болып шықты. Прокурордың дерегі мынадай.

Ботагөз Нұрышева, Қарағанды облыстық прокуратурасы прокурорлар басқармасының прокуроры:

Сотталушы Ильяна Драган тергеуде азаматтық күйеуінің бүлдіршінді үстіне секіріп өлтіргенін айтқан. Келесі күні ол баланы саяжайдағы үйге әкеліп, туу туралы куәлігімен бірге пешке жағып жіберген.

Бүлдіршінді өгей әкенің жақтырмағанын сотталушылардың ортақ таныстары растаған. Сұмдық оқиғаны бірінші болып білген де солар екен.

Наталья Грущенко, куәгер:

Ильяна Драган қылмысы туралы маған айтты. Баланы күйеуі өлтіріп, анасына көрсетпестен, өртегенін де айтты. «Аузыңнан шығарсаң, көресіні көрсетем» деп қорқытты деді. Ол Ильяна Драган мен қызын үнемі сабайтын. Тіпті, бірде баланың қабырғасын да сындырған.

Айжан Қуаш, тілші:

Сот процесі ертең жалғасады. Онда балғынның анасы Ильяна Драганнан жауап алынбақ. Туған баласына араша түсе алмаған әйел өзін қалай ақтағысы келсе де, қылмысты жасырғаны үшін 10 жылға сотталуы мүмкін. Оның үстіне, ерлі-зайыптылар бұрын да адам өлтіріп, түрмеге отырып шыққан екен.