Мұндай шешім премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қабылданды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрлер кабинетінде атап өткендей, елдің оңтүстік өңірлерінде АИ-92, АИ-95 бензинін және дизель отынын тұтыну көрсеткіші айтарлықтай өскен.
Негізгі себеп – қазақстандық бағалардың көрші елдермен диспаритетіне байланысты отынның сыртқа тасылуы мен "сұр экспорт". Сонымен қатар, соңғы уақытта шекарада "жасырын тауарлар" деген атпен сұранысқа ие мұнай өнімдерін экспорттау жағдайлары тіркелгені хабарланды.
"ҚМА (Қаржы мониторингі агенттігі) ішкі нарықта тапшылықты болдырмау мақсатында, ҰҚК ШҚ (Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі), Қаржы министрлігі МКК (Мемлекеттік кірістер комитеті) өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шекаралық өткелдерде ЖЖМ-ды әкетуге бақылауды күшейту тапсырылды", – делінген Үкімет мәлімдемесінде.
Энергетика министрлігіне әкетуге рұқсат етілген мұнай өнімдерінің тізбесін қайта қарау және отандық МӨЗ-де мұнай өнімдерінің тұрақты өндірілуін қамтамасыз ету тапсырылды.