$484.11 €528.79 ₽5.03
×

Маңғыстауда уланған оқушылардың қазіргі жағдайы қандай?

AstanaTV
11.09.2024ж. 10:20
233
Маңғыстауда уланған оқушылардың қазіргі жағдайы қандай?

Бала құқығы жөнінде уәкіл Динара Зәкиева Маңғыстауда мектеп ішінде уланған балалардың қазіргі жағдайы қандай екенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, қазір емдеу мекемесінде 52 бала жатыр.

Маңғыстау облысында улану салдарынан ауруханаға түскен балалардың жағдайын біліп қайттым. Қазір ауруханада 52 бала жатыр. Олардың жағдайы тұрақты, - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл балалар оқитын мектепке де барып қайтқан.

«Сонымен қатар аудандық амбулаторияға да бардым. Дәл сол кезде онда анасы мен ұлы және ағасы мен қарындасы іш ауруына шағымданып келген екен. Бұдан бөлек балалар оқитын мектепті қарап шықтым. Балалар мектепте оқып жатыр, алайда олар тамақтанбайды. Себебі мектеп асханасы тексеріс жұмыстары біткенше жабылған. Осыған орай бастауыш сыныптардың оқу уақыты қысқартылды», - деп атап өтті ол.

Зәкиева зардап шеккен балаларға көмек көрсету үшін әкімдік тарапынан барлық шара қолға алынғанын айтты.

Бұдан бөлек Динара Зәкиева облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлымен және санитарлық-эпидемиялық сараптама басшысымен кездесті. Олар оқиға себептерін, сондай-ақ мектепте қауіпсіз тамақтандыруды қамтамасыз ету және оны жақсарту шараларын талқылады.

«Қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету барысында тап болатын мәселелердің бірі - санитарлық-эпидемиялық сараптама нақты шағымдар бойынша тексеріс жүргізе алмайды. Бір жылдан кейін жаңа заң күшіне енеді. Соған сәйкес санитарлық-эпидемиялық сараптама ережелерге сәйкес тексеріс жүргізе алатын болады», - деді Зәкиева.

Еске салсақ, 6 қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының №8 мектебінде оқушылар жаппай уланып, ауруханаға түскен.